Елімізде 276 елді мекен су басу қаупі бар аймақта жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы алғанда төтенше жағдайды жою үшін бес жыл ішінде 44 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Үкіметтің қолдауымен мемлекеттік материалдық резервтен өңірлер үшін 365 бірлік техника броньнан шығарылды. Сонымен қатар, су басу қаупі бар аймақта ел бойынша 276 елді мекен қалып отыр, бұл - 270 мыңнан астам адам. Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді. Оны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы бөлу жоспарланып отыр», - деді министр.
Оның айтуынша, өңірлік деңгейде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында: Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді; жанар-жағармай материалдары, инертті материалдар және құм салынған қаптардың қоры қалыптастырылды; шұғыл шығындарға төтенше резервтер жасалған, шамамен 38 миллиард теңге алдын ала қарастырылған.
«Саны 38 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құрамдары, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2 500-ден астам су сору құралдары айқындалды. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні 13 миллион текше метрден астам қар шығарылды. Өңірлердің әкімдіктері елді мекендерден қарды шығару жұмыстарын жандандыруы қажет», - деді Юрий Ильин.