19 ақп, 2021 сағат 15:46

25 ақпанда зейнетақы төлемін емделуге пайдалануға арналған портал іске қосылады

25 ақпан күні емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініш беруге арналған портал іске қосылады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін аталған ереже (Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі) ресми түрде жарияланып, күшіне енеді. Біздің портал 2021 жылдың 25 ақпанында іске қосылады. Соңғы жаңашылдықтарды өзгерту үшін бізге үш күн уақыт қажет. Бастапқыда тізімге қосылған кейбір ауру түрлері соңғы уақытта алынып тасталған болатын», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану ҚР азаматтарына қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік беретіндігін айтады.

«Оны алу үшін азамат БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасын анықтауы қажет. Егер қордағы сома жеткілікті болса, онда азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерлік комиссияның біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытындысын алуы қажет», - деді Г.Сәрсенбаева.