22 жел, 2021 сағат 11:37

2030 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін өндіру 15%-ға ұлғаймақ


Еліміз «жасыл» энергетиканы өндіруді одан әрі дамыта түспек. Сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін өндіру 15%-ға дейін ұлғайту жоспары тұр. Осы орайда отандық энергетика саласын дамыту туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин сала министрлігі алдындағы міндетпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда елімізде полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіру бойынша жалпы құны 11 млрд долларды құрайтын ірі жобалар іске асып жатыр. Бұл жобалардың саланы дамыту үшін маңызы зор. Сондықтан оларды сапалы іске асыру, жоспарлы қуатқа шығу және кәсіпорындарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі кезде елде энергия негізінен көмір есебінен өндіріледі. Бұл орайда қазіргі заманғы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін біздің алдымызда «жасыл» энергетиканы дамыту міндеті тұр», - деді А. Мамин. 

Оның айтуынша, энергетика саласына қатысты заңнамалық өзгерістерді қайта пысықтау қажет. 

«Бүгінде жаңартылатын энергия көздерін өндіретін 134 нысан жұмыс істеп тұр. Ондағы жылдық өндірістің жалпы көлемі 3,3 пайызды құрайды. 2030 жылы оның үлесін 15 пайызға дейін ұлғайту керек. Бұл процесті жандандыру үшін жеке өндірістік қажеттіліктер үшін жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуға қатысты заңнамалық өзгерістерді пысықтау қажет. Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін отын-энергетика кешенін тездетіп жаңғырту және жаңа қуаттарды салу қажет», - дейді Үкімет басшысы.