22 жел, 2021 сағат 10:37

2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді – министр


2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру 100 млн тоннадан аса түспек. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетіп отыр, ал экспорттау 67,6 млн тонна көлемінде деп күтілуде. Жоспарға сәйкес елімізде мұнай өндіру одан әрі ұлғаятын болады. 2030 жылға қарай оның көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді», - деді М. Мырзағалиев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында. 

Сондай-ақ, министр мұнай өндіру бойынша алдағы жоспармен бөлісті. 

«Біріншіден, Теңіз кен орны арқылы мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға артады (қазіргі өндіру 28 млн тонна). Екіншіден, Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін ұзарту жобасының арқасында мұнай өндіру жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталмақ. Келесі жоспар Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу. Аталған өнеркәсіп жылына 3 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді 16-дан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, Каспий теңізіндегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұл кен орындарында 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланып отыр», - дейді ол.