2025 жылға дейін 80 мың қандастың Қазақстанға оралуына жәрдемдесу жоспарланған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындар, орта білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін және қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын ұсынуды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады», - деді ол.
Үкімет басшысының дерегінше, 1991 жылдан бері барлығы 1 млн 70,3 мың қазақ тарихи отанына оралды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам адам көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Оның ішінде өңірлік қабылдау квотасына 1 378 қандас енгізілді. Биыл этникалық қазақтардың, жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің ұсыныстары мен өтінімдерін ескере отырып, өңірлік квота 1 426 құрады.
«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, сондай-ақ шетелден келетін қандастар санының ұлғаюын ескере отырып (жергілікті атқарушы органдардың өтінімдерінің негізінде), қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатын болады», - деді Асқар Мамин.