2022 жылы медициналық қызметтерге тариф қайта қаралады.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының өсуін ескере отырып, медициналық қызметтерге арналған тарифтер қайта қаралады. Университеттік клиникалар үшін коэффициенттер, сондай-ақ өңірлермен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс үшін ҰО мен ҒЗИ үшін коэффициенттер әзірленеді», - деді Алексей Цой.
Сондай-ақ, ол Сovid-19 жұқтырған науқастарды стационарда емдеуге және жазылып шыққандарға медициналық оңалту үшін жаңа тарифтер көзделгенін айтты. Бұл тарифтер төсек-күндерге есептегенде стационарларда емделу шығыстарын төлеу бойынша жинақталған деректерді ескере отырып, клиникалық-шығын топтар қағидаты бойынша әзірленді. Сонымен қатар, мобильді бригадаларға және қашықтан консультацияларға тарифтер әзірленді. 2021 жылы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсетуге ақы төлеу әдістерін, сондай-ақ онкологиялық бейіндегі емделіп шыққан жағдайларды төлеу әдістерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке тарифтерді белгілеу басталды. Пациенттердің жағдайының ауырлығын ескере отырып, кардиохирургия, миокард инфарктісі, инсульт, травматологиялық және инфекциялық аурулар бойынша тарифтерді пилоттық сынақтан өткізу жоспарлануда.
«2021 жылы денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі құралдарын жаңарту мақсатында біз жол картасын іске асыру және 2020-2022 жылдарға арналған ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге тариф белгілеу әдістемесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз», - деді Алексей Цой.
Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігі жеке қорғаныс құралдарына арналған шығыстарды өтеу жөнінде ұсыныстар әзірлейтіндігін айтты.