22 ақп, 2022 сағат 13:25

2021 жылы Қазақстандағы туризм саласына 564 млрд теңге инвестиция түсті


2021 жылы Қазақстанның туризм саласындағы негізгі капиталға 564 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда туризмді дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатыны белгілі. Ол жай ғана экономиканың дамуы ғана емес, халықтың табысын арттырудың негізгі бағыттарының бірі, өйткені бұл сала жұмыс орындарымен де тікелей байланысты. Сондықтан біздің еліміздің ресурстары туризмнің барлық түрлерін дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді Е. Тоғжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм саласы бойынша алқа мәжілісінде. 

Оның айтуынша, бүгінде дұрыс ұйымдастырылған мемлекеттік саясат пен туристік қауымдастықтықтың үйлесімді өзара іс-қимылы арқасында салалы жүйелі даму қамтамасыз етіліп келеді. 

«Оның бәрі оңай болған жоқ, пандемияға байланысты талай кедергілер де болды. Бұл бағытта әлі де нақты жұмыстар жүргізуге тура келеді. Дегенмен жоспарланған біраз дүние жүзеге асырылғанын өздеріңіз білесіздер. Нәтижесінде 2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 564 млрд теңгені құрады. Мұны қиын кезеңдерді ескерек болсақ, басқа мемлекеттермен салыстырып қарасақ, жақсы көрсеткіш деп айтуға болады, әрі қарай бұл бағытты бірге дамытуымыз керек», - деді Премьер-Министр орынбасары. 

Сонымен бірге, спикер өткен жылы туризм саласында қабылданған заңнамалық өзгерістер саланың ең маңызды аспектілерін қозғайтын, бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілгенін еске салды. 

«Парламент қабырғасында да талай ұсыныстар айтылып, талқыланған болатын. Ол жерде айтылған 7-8 нақты ұсыныстар болды, олардың бәрі заңды негізде қолданылды. Бұдан басқа, туристік саланың инвестициялық ахуалын жақсарту аясында туризм саласындағы инвестициялық бастаманы басым бағыттағы жоба деп тану шегі 2 млн айлық есептік көрсеткіштен 200 мың АЕК-ке дейін төмендетілген болатын. Бұл инвестициялық жобаларды преференциялау мүмкіндігін кеңейтті», - деді Ералы Тоғжанов.