2021 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 28 кен орны қойылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 2021 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 28 кен орны қойылды. оның ішінде: көмірсутек кен орны, 13 қатты пайдалы қазба кен орны, 8 жерасты су кен орны бар», - деді ол министрліктің алқа мәжілісінде.
Вице-министрдің айтуынша, «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 74-қадамын іске асыру аясында қатты пайдалы қазбалар бөлігінде Қазақстан CRIRSCO-ға кірді. KAZRC қауымдастығы және жер қойнауының тәуелсіз сарапшыларының кәсіби қоғамы құрылды.
«Осылайша, қатты пайдалы қазбалар бөлігінде есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Алайда белгілі бір қауіптер бар, мысалы: жер қойнауын зерттеу мен пайдаланудың кешенді тәсілін бұзу, мемлекеттік бюджетке түсімдердің азаюы», - деді Талғат Момышев.