2020 жылы мемлекеттік бюджеттің кірістері 2,7 пайыз артық орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Салық және кедендік әкімшілендіру – Үкіметтің алдында тұрған маңызды мәселердің бірі. Осы бағыттағы істелген жұмыс қорытындылары мен ағымдағы жылғы міндеттер туралы баяндап өтемін. Былтыр мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспар 2,7, республикалық бюджет 0,3 және жергілікті бюджет 8,1 пайыз артық орындалды. Пандемияға қарамастан, мемлекеттік бюджеттің кірістері іс жүзінде 2019 жылғы деңгейде қалды деп айтуға болады», - деді министр.
Оның дперегінше, салықтардың құрылымында корпоративтік табыс салығы – 3,5, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары бойынша қосылған құн салығы – 1,8, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорынан салықтар – 5,3пайызға ұлғайды.
«Негізгі кедендік төлемдер бойынша түсімдер төмендеді. Бұл сыртқы және ішкі экономикалық ахуалға тікелей байланысты», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр мұнай және металдар бағасының төмендеуі есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі түсімдер 43 және ғылым мен техникалық сектор түсімдері 29 пайызға төмендегенін айтты.
«Қалған барлық секторлар бойынша түсімдер 1,3-тен 10,3 пайызға дейін өсті. Соңғы жылдары салықтық-кедендік әкімшілендіруде оң динамика байқалуда», - деді ол.