Өткен жылы коронавирус еліміздің бүкіл аумағында өршіп кеткенде ковидке қарсы дәрі-дәрмек тұрмақ қарапайым медициналық маска мен дәріхана сөресінде толып тұратын ыстық түсіретін аспириннің өзі қат дүниеге айналып шыға келгені бар. Тіпті, олардың бағасы шарықтап та шыға келген еді.
Мәселен, небәрі 15-25 теңге аралығындағы медициналық масканың құны 200 теңге жетіп жығылды. Мұндай жайттың орын алуына арды белге түйіп пайда табуға тырысқан пысықайлардың да тірлігі түрткі екені белгілі.
Өйткені, сол дәріханада жоқ аспирин бума-бума болып базарларда саудаланып жатты. Сондықтан да билік, жергілікті атқарушы органдар тез арада шешіп қабылдап, құрамында әкімдік, қоғам өкілдері, медицина мамандары, мен полиция қызметкерлері бар топтар құрылды.
Олар дәріханаларды аралап бағаны негізсіз көтергендерді анықтады. Қара базарда коронавирусқа қарсы тағайындалатын дәрілік заттарды заңсыз сатқандарды әшкереледі. Дәрі-дәрмек алыпсатарлығымен айналысқан талай адам жазаланды да.
Міне, осыдай жайттан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында дәрілік заттардың, медициналық масканың және коронавирусты анықтайтын ПТР-тестінің бағасын төмендету туралы нақты тапсырма қойды.
Тапсырма орындалып та жатыр. Еліміздің барлық өңірінде медициналық маска шығаратын кәсіпорындар құрылып, жедел жұмысқа кірісті. Бүгінде елімізде тәулігіне 1 миллионға жуық маска шығарылады. Нәтижесінде қорғаныш маскаларына 40 теңге, бір реттік медициналық маскаларға 60 теңге мөлшерінде шекті бөлшек сауда бағасын белгіледі.
Отандық масканың сапасы да жақсы. Олар сауда түспес бұрын бірнеше мәрте сараптамадан өткізіледі.
Сараптама бірнеше кезеңнен тұрады: Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, толымдылығын тексеру үшін құжаттарды және тіркеу құжаттарының материалдарын валидациядан өткізу.
Одан кейінгі кезеңде сарапшылар мамандандырылған сараптамада құжаттардың халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін сынақтан өткізеді. Биологиялық зерттеулер есебі медициналық маска адамның терісіне тікелей жанасып тұратындықтан, оның қауіпсіздігін растауы тиіс.
Одан бөлек, жоғары тыныс алу жолдары - мұрын қуысы мен ауызға жақын қолдануға арналуы қажет. Техникалық сынақтың нәтижесі масканың тиімділігін тексеруге, ол ауаны қалай сүзетінін, бактерия мен вирустарды ұстауда қауқарлығын білуге мүмкіндік береді.
Әрине, осынау дәлелді базаның бәрін де зерттеу үшін сарапшылар осы сынақтар мен зерттеулер қалай өткізілгенін, олардың қорытындысы қалай рәсімделгенін қадағалауы тиіс. Соңында маска үлгілері сарапшылар ұйымының Сынақ орталығына түседі.
Осы сынақтардың нәтижесінде медициналық маска үлгілерінің шынайы көрсеткіштері айқындалады. Тексерістің мұндай амалы тұтынушыға сапалы, тиімді әрі қауіпсіз медициналық масканың жеткізілуін қадағалауға мүмкіндік береді.
Ковидке қарсы дәрілік заттардың да бағасы төмендеді.
Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясынжа және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың, сондай-ақ медициналық бұйымдардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу және қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» ережесінің өткен жылдың 24 желтоқсанында күшіне енуі сеп болып отыр.
Бұл өзгерістер коронавирус инфекциясын емдеу үшін қолданылатын дәрілік заттарға арналған шекті бағаны қалыптастырудың ерекше тәртібін қарастырады. Яғни, ковидке қарсы шамамен 230 препараттың бағасы орташа есеппен 27 пайызға арзандады.
Жалпы, Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин, төтенше жағдайды енгізу, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы кезеңінде көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі жүзеге асырылады.
Өткен жылдың сәуір айында республика аумағында коронавирус инфекциясы тараған сәтте ПТР әдісмен COVID-19 арналған тестілеуді өткізетін 19 ғана зертхана болатын.
Тестілеу бағасы да қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретін, 18 мың теңгеге жетіп жығылатын. Олардың тәуліктік қуаты небәрі 6 мың ғана тест еді.
Осыдан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге тестілеудің қарылық мәселесін шұғыл реттеуді тапсырғаны есте.
Ал бүгінде еліміздің барлық өңірінде коронавирус инфекциясын диагностикалауға арналған 132 зертхана мен биологилық материал жинайтын 48 пункт жұмыс істеп тұр.
Зертханалардың тәуліктің қуаты 100 мың зерттеуге жетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінге дейін елімізде 5 миллионнан астам зерттеу жүргізілді. Зертханалар күнделікті 40 мыңға дейін тест өткізеді.
Демек, зертханалардың резервтік қуаты 60 мың зерттеу деген сөз. Бұл халықты тестілеумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Айта кетерлігі, елімізге коронавирустың сырттан келуі әлі де тыйылмай отыр. Мәселен, соңғы үш айдың ішінде әуе рейстерімен 155 мың адам келсек, олардың ішінде 75 жолаушыдан коронавирус анықталған болатын.
Ал автомобильдермен еліміздің шекарасын 440 мың адам кесіп өтіп, олардың арасында 666 адамның коронавируспен ауыратындығы анықталып отыр.