2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 41 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 1 771 кәсіпорнында 43,3 мың жұмыскер алдында жалақы бойынша 6,1 млрд теңгеден астам берешегі бар екенін анықтады. Қолданылған шаралардың нәтижесінде, сонымен қатар жалақы бойынша қарызды өтеудің мерзімі мен кестесін қатаң белгілеу арқылы 41 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, нәтижесінде оларға 5,4 млрд теңге төленді», - делінген министрлік ақпаратында.
Ведомство мәліметінше, аталған кәсіпорындардың жетекшілеріне орындалуы міндетті 1 285 нұсқама беріліп, 141 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Жалпы, 2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 9 513 тексеру жүргізді. 12,9 мыңнан астам ҚР еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталып, 467 млн теңге сомаға айыппұл салынды.