11 там, 2021 сағат 20:35

20 жастағы кибералаяқ астаналықтар 10 млн теңге алған


Нұр-Сұлтан полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Елордада осы жылдың 9-15 тамызы аралығында «Anti Fraud» жедел-алдын алу шаралары өтуде. Оның мақсаты – киберқылмыстарды болдырмау, олардың алдын алу және анықтау. 

Криминалдық полиция қызметкерлері Елордада екі күн ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы 18 қылмысты анықтап, бұрын жасалған тағы 20 қылмысты ашып, сегіз күдікті ұсталды.

Осылайша, 20 жастағы Түркістан облысының тұрғыны «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы ақшаны айналымға саламын деп уәде беріп, астана тұрғындарының 10 миллион теңгесін қолды қылған. Одан бөлек, ұқсас қылмыс жасағаны үшін 38 жастағы елордалық әйел ұсталды. Ол қала тұрғындарына 12 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрлері әлеуметтік желілердегі онлайн келісімдер, «olx.kz жеткізу қызметін» қолданатын қызметтер және банк картасынан ақша ұрлау екенін еске салады.

Сонымен қатар алаяқтардың тұзағына түсіп қалмау үшін кез келген ақпаратты банктің ресми колл-орталықтарына хабарласып нақтылау керек екенін ескертеді. Еш жағдайда банк карталарының деректерін бөтен адамға хабарламаңыз. Олардың ішінде банк қызметкерлері де бар. Олар карталардың иелеріне хабарласып, деректер жинамайтынын біле жүріңіз.