14 шіл, 2023 сағат 19:59

17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі - министрлік

Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

2024 жылдың қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында 17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство бастамасын Премьер-Министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана және республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдаған.

"Оны іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында мүмкін болды. Бұл еліміздің 16-60 жас аралығындағы азаматтарын әскери есепке алудың толық қамтылып жүргізілуіне мүмкіндік берді.

Қолданыстағы заңға сәйкес жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтай алады.

Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары бір айлық балалардан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды динамикалық бақылаумен және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулерді жүзеге асырады. Бұл ретте жалпы практика дәрігерлері бейінді мамандардың қорытындысын және зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, 15 пен 18 жас аралығындағы балалардың денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді. Мұндай деректер Денсаулық сақтау министрлігінің Қорғаныс министрлігімен біріктірілген ақпараттық жүйесінде көрсетіледі" - делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жасар бала әскери есепке алынады. Қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және т. б. қызметтерге жұмсалады.