18 нау, 2021 сағат 02:30

150 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді

«ЖОО үздік оқытушысы – 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Еліміздің 46 жоғары оқу орнынан 150 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Олардың әрқайсысы 5 834 000 теңге (2000 АЕК) көлемінде грант жеңіп алды.

Үміткерлерді іріктеу және құжаттарды тексеру рәсімі алғаш рет ақпараттық жүйенің көмегімен онлайн форматта өткізілді. Байқауға қатысушылардың қызметі оқыту сапасы мен ғылыми-зерттеу жетістіктері бойынша бағаланды. Байқау нәтижелері министрліктің сайтына орналастырылды.

Республикалық сарапшылар тобы әрбір құжаттың сәйкестігін мұқият тексерді. Сондай-ақ комиссия құрамына ҚР БҒМ «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жобалық кеңсесінің өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар, соның ішінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының өткен жылдардағы жеңімпаздары кірді.

Министр білім және ғылым жүйесі үшін мұндай байқаулардың ашық түрде өтуі маңызды екендігін ерекше атап өтті.

«Пандемия кезінде еліміздің жоғары білім беру жүйесі маңызды сынақтан өтіп, ЖОО-лардың жұмысы жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Осы ретте сын-қатерлерді мүмкіндік ретінде қабылдауға тиіспіз. Қандай да бір қиындықтар мен қолайсыздыққа қарамастан, қазақстандық оқытушылар бұл жағдайға тез бейімделді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда оқытушының беделін арттыру, еңбек жүктемесін азайту, еңбекақыны көбейту, оқытушыларды өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу бойынша және еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басқа да бірқатар маңызды міндет тұр», – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Конкурсқа республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты.