15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға тіркеу басталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға тіркеу басталды. Ол екі айға созылады. Емханалардың денсаулық сақтау жүйесіне енудің алтын қақпасы екенін білесіздер. Сондықтан, алдағы екі айда азаматтарымыз тұрғылықты жері бойынша емханаларды таңдай алады. Мейлінше, емхананы тұрғылықты жерге жақын маңнан таңдауға кеңес береміз. Неге десеңіз, емханаға тіркелген науқастарды медицина мамандары үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып көмек көрсетуге ыңғайлы болады. Әсіресе, бұл тәжірибе қазіргідей пандемия жағдайында аса маңызды. Тіркеу науқанынан кейін азаматтар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет алады және ол үшін Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға ақы төлейді. Биыл да бұл азаматтар тіркелген емханаларында қор есебінен емделе алады", - деді Б. Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.