1,4 млн қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Атаулы әлеуметтік көмек алу шарттарының бірі егер отбасыдан жұмысқа қабілетті тұлға болса, онда әлеуметтік келісімшарт жасау болып саналады. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 1,4 млн адам алады. Бұл шамамен 285 мың отбасы", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, олардың ішінде 385 мың адам жұмыс істеуге қабілетті.
"Олар әлеуметтік келісімшарт жасасып, жұмыс істеулері тиіс. Жұмыс жергілікті жерлерде ұсынылады. Біз бос жұмыс орындары мен жұмыс сұрап жүрген тұлғалар санын сараптаған едік. Бос жұмыс орындары көп болып шықты. Егер қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекке 110 мың теңге алып, ұсынылған жұмыс жалақысы 80-90 мың теңге болса, онда сол жұмысқа баруға келісу қажет", - деді ол.