26 шіл, 2024 сағат 10:36

12 жасында босанған қыздың отбасына үкімет үй сатып алу үшін 735 мың теңге берген


Фото: instagram.com/rupr.pvlshakeneva

Күні кеше біз Павлодар облысында туысынан зорлық көріп, босанған қыздың отбасы қандай жағдайда өмір сүргенін жазған болатынбыз. Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенова жариялаған фотосуреттерден қандастардың үйі өте ескі, жұпыны екенін байқадық.

Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау сала отырып, әлі де қандас мәртебесіне ие бұл отбасына жергілікті атқарушы орган тарапынан кезінде қандай материалдық көмек берілгенін сұрадық.
Анықтағынымыздай, 12 жаста ана атанған қыздың отбасы Моңғолиядан ең алдымен Солтүстік Қазақстан облысына келген екен.

«Қазақстан Республикасының аумағына қоныс аударып келгеннен кейін, бірінші Солтүстік Қазақстан облысына барған, кейін Павлодар облысы көшіп келген. Павлодар облысының қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 2020 жылы, отбасы мүшесінде 7 адам болып қосылған. Квота шеңберінде қоныс аудару шығындарын өтеу бойынша 1 225 140 теңге , сонымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін 735 084 теңге көлемінде қаражат төленді», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.