Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен
Бүгін Мәжілістің екінші сессиясындағы соңғы жалпы отырыс өтті, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Осы сессияда 39 жалпы отырыс өтіп, 302 мәселе қаралды. Мәжіліс 100 заң қабылдады, соның ішінде әр үшінші заңға депутаттар бастамашылық еткен екен.
"Бүгін біз Мәжілістің екінші сессиядағы жұмысын аяқтағалы отырмыз. Жалпы парламенттік сессия жұмысын жұма күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қорытындылаймыз", -деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов өз сөзінде қандай заң жобаларын қабылданғандарын айтып өтті.
"Олардың ішінде – сот жүйесі туралы конституциялық заң, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, масс-медиа туралы заңдар бар. Сондай-ақ, қоғамды ұзақ уақыт бойы алаңдатып келген өткір мәселелер – халықтың шамадан тыс кредит алуы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ лудомания мәселелері заңнамалық тұрғыдан реттелді. Аса маңызды заңдар ішінен «Ұлттық қор – балаларға» және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заңдарды атап айтқым келеді. Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаттары іс жүзіне асып жатқанының айшықты айғағы", -деді спикер.
Ондаған жылдар бойы шешілмей келген шахтерлердің, кеншілердің, металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі болғанын айтқан Мәжіліс спикері "Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы" заң қабылдап, сол арқылы 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлерінің талап-тілегі орындалғанын жеткізді.
Бұған қоса, ел Президентінің жаңа экономикалық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік сатыпалым, бизнес жүргізу, жылу энергетикасы, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар қабылданды.
"Депутаттар Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған заңнамалық бастамаларын да іске асырды. Атап айтқанда, вейп таратуға қарсы, бірегей тарихи объектілерді қорғауға арналған заңнамалық шаралар қабылданды. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілді", -дейді Е. Қошанов.
Мәжілісмендер мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары атына 527 депутаттық сауал жолдаған екен.
Халықпен кездесулерде айтылған мәселелер мен проблемаларды шешу жайында Мәжіліс Үкіметтің жауабын сессия барысында екі рет тыңдаған. Алайда әлі де шешілмеген мәселелер көп екенін Ерлан Қошанов айтып өтті.
"Шағын мектептер, үш ауысымды және авариялық күйдегі мектептер проблемасын шешу қажет.Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тетіктері жете пысықталмаған. Жылу электр орталықтарына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Өңірлерде олардың 80 пайызға жуығы тозған. Сумен жабдықтау мәселесінде де жағдай осындай. Ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін сумен жабдықтау және азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жайы аса мәз емес. Үнемі көтеріліп жүрген, үлкен проблеманың тағы бірі – жолдардың ахуалына қатысты. Жалпы, бұл айтылған проблемалар биыл ғана пайда болып отырған жоқ. Оларды шешу үшін жүйелі, тұрақты шаралар қабылдау қажет", -дейді ол.