Осы жылдың 5 айында 1 мыңнан астам жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мас күйде жол-көлік оқиғасын жасаған жағдайда оның салдарының ауырлығына байланысты өмір бой көлік жүргізу құқығынан айыру арқылы қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы жылдың 5 айында 1 мыңнан астам жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершіліктің күшейтілгеніне, іс-әрекеттерінің қауіпті екендігіне қарамастан кейбір жүргізушілер ішімдік ішіп машина жүргізуден тиылар емес.
«Өкінішке орай мұндай жүргізушілер жиі жол-көлік оқиғасын жасайды. Осыған орай көлік жүргізушілерін Жол жүрісі ережесін, жеке қауіпсіздігін қатаң сақтауға, мас күйде көлік құралын басқару фактілеріне төзімсіздік танытуға шақырамыз», - деді Асқар Тәженов.