20 нау, 2020 сағат 08:40

1 млн масканы жоғары бағамен сатқан Алматы тұрғындары ұсталды

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жоғары бағамен медициналық маска сатумен айналысқан Алматы қаласының бірнеше тұрғынын ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасына сілтеме жасап.

Шара барысында қаладағы төрт нүктеден кәсіпкерлік қызметпен айналысатын рұқсат құжаты жоқ қала тұрғындары ұсталды. Олар жоғары бағамен медициналық маска сатып келген. 

Рейд шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 191 млн теңге тұратын 1 053 520 маска тәркіленді. 

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасына сәйкес, тәркіленген барлық маска Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берілді. 

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 214-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. 

Бұдан бөлек, ҚР ҚМ ҚМК Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті медициналық маска мен антисептик құралды сату бойынша алаяқтық іс-әрекеттердің жолын кесу жөніндегі рейд шараларын жүргізетін тергеу-жедел тобын құрды.