Фото: trend.az
Қазақстанда 1 миллионнан астам адам медициналық сақтандыру жарнасын төлей алмайды. Оларға мемлекет көмектесуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 3 миллионнан астам адам медициналық сақтандыру қорына жарна төлемейді.
"Олардың ішінде 1 миллионға жуығы шынымен де өздері үшін медициналық сақтандыру қорына жарна төлей алмай жүр. Қазіргі кезде осы мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. Бірнеше ұсыныс бар. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдарды тарту арқылы мәселені шешу механизмі қарастырылған", - деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, сақтандыру жарнасын субсидиялау немесе басқа да шаралар арқылы көмек берілуі мүмкін. Ал қалған 1,5-2 миллион адам өздігімен жарна төлей алады.
"Біз осы адамдармен де жұмыс істейміз. Негізгі мақсат – оларды медициналық сақтандыру жүйесіне тарту", - деп атап өтті вице-министр.
Айта кетері, медициналық сақтандыру қорына жарна төлемейтін адамдар тегін алқашқы медициналық көмекті шақырта алады. Ал қымбат операция үшін медициналық сақтандыру жарнасы төленуі шарт. Соңғы өзгерістерге сәйкес, жарнаны бір жылға алдын ала төлеп, қажетті медициналық көмекті ала беруге болады.