13 мау, 2022 сағат 11:26

1 маусымдағы жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды


1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 1,2 трлн теңгеден астам сомадағы зейнетақы төленді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

"2022 жылғы мамырда зейнетақы төлемдеріне республикалық бюджеттен 235,4 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,2 млрд теңге бөлінді.

1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны - 2 млн 246 мың адам. Сондай-ақ, 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 189 теңге болды" делінген хабарламада.

Министрлік 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды.

"Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады. Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады" - делінген ведомство ақпаратында.