2020 жылдың 1 қыркүйегінен Қазақстанда жер қойнауын пайдалану құқығы электронды конкурс арқылы беріледі. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жер қойнауын пайдалану құқығы электронды конкурс арқылы беріледі. Тиісті заң жобасын Парламент депутаттары қолдап, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушыларды таңдауда, олардың мүмкіншілігін, әлеуетін ескеруде ашықтықты қамтамасыз ететіндігіне сеніміз мол», - деді ол.
Министр дерегінше, 2019 жылы 260 жер қойнауын пайдаланушы компания геологиялық барлау жұмыстарына 158 млрд теңге жұмсады.
«Айта кетерлігі, 260 келісімшарттың тек 167-інде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шығындарының 1 пайызын жұмсау жөнінде міндеттемесі бар. Қазіргі таңда мұны қалған мекемелерге де тапсыру жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бөлінген қаражатты мұнай өндіру кезінде жаңа технологияларды, техниканы пайдалануға жұмсау жөніндегі Үкімет басшысының тапсырмасы бар. Оны Ақпарат, Цифрлық даму министрліктерімен орындап жатырмыз», - деді Н.Ноғаев.