«e-Salyq Business» мобильді қосымшасы кәсіпкерлерге салық міндеттемесін орындауды жеңілдетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып және оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосады», - делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінде.
Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, түбіртектер беруге, кірістер тізілімін автоматты түрде қалыптастыруға, қосымшада есептелген салық міндеттемелерін төлеуге, оның ішінде қызметкерлер үшін, сондай-ақ алдын ала толтырылған оңайлатылған салық декларациясын ұсынуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық есептілігін тапсырмауды ескереді.
«Бұдан басқа, қосымшада берешекті қарау және төлеу, мемлекеттік кірістер органдарынан хабарламалар алу, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша қызметтер қолжетімді. Қосымша «Play Market» және «App Gallery»-де қолжетімді», - деп аталып өткен комитет ақпаратында.