Сурет: ҚР Үкіметі
Елімізде 1 424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.
«Бүгінгі таңда интернет біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік онлайн қызметтерге, білімге, медицинаға және экономика салаларын цифрландыруға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Халықаралық деректер бойынша Қазақстанда интернетті пайдаланатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Бүгінгі күні бүкіл әлемде интернетті тұтынудың қарқынды өсуі байқалады. Қазақстанда 2020-шы жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5 пайызға, ал абоненттер саны 12,9 пайызға өсті», — деді министр.
Оның атап өтуінше, Speedtest Ookla-ның 2024 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, Қазақстан 43,62 Мбит/с орташа интернет жылдамдығымен 66-орында тұр.
«Қазақстанда 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет бойынша оптика 2 606 ауылға жеткізілген. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. Қолданыстағы салықтық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Бүгінгі таңда 1 424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектріне салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынды. Осылайша байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген», — дейді Жаслан Мәдиев.