Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шекаралас елдермен сауданы дамыту жоспары жайлы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еліміздің сыртқы шекарасындағы инфрақұрылымды барынша дамытуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экспорттық және транзиттік әлеуетті күшейтуге баса назар аудара отырып, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы қызметін қайта күшейту жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ БҚО және СҚО аумағында, яғни Ресей Федерациясымен шекарада осындай сауда хабтарын құру бойынша жаңа қосымша бастамаларымызды іске асыру мәселелері пысықталады» - деді Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.
Ол үшін министрдің айтуынша, қазақстандық тауар өндірушілер желісінің интеграциясын алдымен жолға қойып алу керек.
«Екінші бағыт - шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге арттыру. Біз алдағы бес жыл ішінде қосымша экспорттаушылар пулын құруды жоспарлап, қазіргі белсенді 600-ге дейінгі жаңа экспорттаушылар желісін қалыптастыруды көздейміз. Шикізаттық емес экспортты екі есеге көбейту үшін тек жаңа өнім емес, сонымен қатар жаңа кәсіпорындар да пайда болуы керек», - деп қорытындылады министр.