Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатыр? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында берген сұхбатында «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп жауап берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«COVID-2019 ауруы бойынша дәрігерлеріміз вирусқа қарсы біршама препараттарды пайдалануда. Оның бірі – алувиа лопинавиры. Ол сонымен қатар ВИЧ-инфекциясын жұқтырған пациенттердің ағзасына қысымды азайту үшін қолданылады. Жалпы коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы клиникалық хаттаманы бекіткен болатын. Ол хаттамаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңес берген препараттар да енгізілді», - деді Берік Шәріп.
Бұл туралы толығырақ мәліметті білу үшін Берік Шәріп COVID-2019 ауруы бойынша клиникалық хаттамаға бір көз жүгіртіп шығуға кеңес береді.
«Жалпы дәрігер ретінде айтар болсам, коронавирус та – вирустың бір түрі. Сол себепті ағзаға түсетін вирустың қысымын азайту үшін қажетті препараттар қолданылады. Біз бұл препаратты (алувиа лопинавиры) 10 мың адамға арнап ақпан айының өзінде дайындап қойған болатынбыз. Сонымен қатар коронавирусқа қарсы алдын ала гидрослихлорит, хлорино-фосфаттарды әкелдік. Осының бәрі де клиникалық хаттамаға сәйкес емге пайдаланылады», - деді Берік Шәріп.
«СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы аталған препараттардың қоры біздің елде жеткілікті екенін айтты.