Шымкенттегі зауыттың адвокаттары күштік құрылымдарды рейдерлік әрекет жасауға тырысты деп айыптады

Шымкенттегі зауыттың адвокаттары күштік құрылымдарды рейдерлік әрекет жасауға тырысты деп айыптады

Шымкенттегі ірі металлургиялық Sin Yuan Steel зауытының айналасында халықаралық жанжал өршіп барады. Қытайлық инвесторлар мен кәсіпорынның адвокаттары құқық қорғау органдары тарапынан бұрын-соңды болмаған қысым жасалғанын ашық мәлімдеп, күштік құрылымдардың әрекетінен келген жалпы шығынды 100 миллион доллар деп бағалады. Қорғаушылардың пікірінше, зауыттағы тексеру желеуімен бизнесті тұралату әрекеті жасалған, деп хабарлайды Ult.kz Informburo31-ке сілтеме жасап.

Қақтығыстың шиеленіскен кезеңі 6 мамырда басталды. Сол күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (ҰҚҚКБ) қызметкерлері зауыт аумағында ауқымды рейд жүргізді. Бұған адамдарды заңсыз ұстап отыр деген анонимді хабарлама себеп болған. Алайда тексеру барысында бұл ақпарат толық расталмады.

Құқық бұзушылықтар анықталмағанына қарамастан, күштік құрылымдар жаппай ұстау шараларын жүргізді: ондаған Қытай азаматы, соның ішінде негізгі қызметкерлер мен инвесторлар арнайы қабылдау орнына жеткізіліп, онда 15 күн бойы қамауда ұсталды.

Полиция әрекеттері стратегиялық кәсіпорынның жұмысын іс жүзінде тоқтатып тастады. Балқыту пештері мен күрделі өндірістік жабдықтар мамандардың бақылауынсыз қалды. Ірі техногендік апаттың алдын алу үшін қалған қызметкерлер жүйелерді шұғыл түрде өшіруге мәжбүр болды. Мәжбүрлі тоқтап қалу мен келісімшарттардың бұзылуы салдарынан кәсіпорын орасан зор шығынға батты.

«Бізге 200 мың доллар көлемінде тікелей, 500 мың доллар көлемінде жанама шығын келтірілді. Сонымен қатар мемлекет салық түсімдерін ала алмады. Бұл жергілікті экономикаға айтарлықтай зиян келтірді», -  деді кәсіпорынның тең құрылтайшысы Кэ Сююн.

Арнайы қамау орнында ұсталғандардың арасында Қазақстанға визасыз режим арқылы келген ірі шетелдік серіктестердің болуы ерекше резонанс тудырды. Кәсіпкерлер Шымкент зауытының өндірістік қуатын кеңейтуге шамамен 30 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлаған. Алайда келіссөздердің орнына құжаттарынан айырылып, қамауға алынған. Кәсіпкерлер мұндай оқиғалар Қазақстанның инвестициялық беделіне ауыр соққы болатынын айтып отыр.

Зауыт қорғаушылары бұл жай ғана кезекті тексеру емес екеніне сенімді. Кәсіпорын басшылығы полиция қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша тергеу жүргізуді талап етіп, ҚР Бас прокуратурасына ресми өтініш жолдаған.

«Біз бұл іс бойынша тергеу жүргізіледі деп күтеміз, өйткені бұл қатардағы оқиға немесе процессуалдық қателік емес. Бұл – рейдерлік басып алу белгілері бар мақсатты әрекеттер немесе оның артында басқа да пайданы көздеген мүдделер тұр», – дейді зауыт адвокаты Марат Байзаков.