Салық қарызы барларға шетелге шығуға шектеу қойылады

Салық қарызы барларға шетелге шығуға шектеу қойылады
Sputnik / Абзал Калиев

Қазақстанда ірі көлемде салық берешегі бар азаматтарға елден шығуға уақытша тыйым салынуы мүмкін. Жаңа талап 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл шара заңды тұлғалардың басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты қолданылады.

Егер салық берешегі 27 мың АЕК-тен асып, яғни 116 миллион теңгеден көп болып, үш айдан астам уақыт өтелмесе, азаматтың Қазақстаннан шығуына шектеу қойылуы ықтимал.

Алайда ведомство тыйым автоматты түрде енгізілмейтінін атап өтті. Шектеу тек сот санкциясымен және мемлекеттік кірістер органдарының арнайы қаулысы негізінде ғана күшіне енеді.

Сонымен қатар заңда әлеуметтік жағдайлар да ескерілген. Егер азаматқа шетелде ем қабылдау қажет болса және оны растайтын медициналық құжаттар ұсынылса, уақытша шектеу тоқтатылуы мүмкін.

МКК мәліметінше, шектеу салық қарызы толық өтелгеннен кейін немесе міндеттеме заң аясында тоқтатылған жағдайда алынады.

Барлық қаулылар мемлекеттік органдар мен ҰҚК-нің ақпараттық жүйелері арқылы электронды түрде жолданады.

Ведомство жаңа норма салықтан жалтарудың алдын алып, бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың басынан күшіне енген. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кодекске қажет болған жағдайда өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтып, құжаттың “қасиетті жазу емес” екенін мәлімдеген болатын.