ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Wedrink өнімдеріне қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, бұл санаттағы сусындардың құрамында қант мөлшері жоғары қою шәрбаттар бар. Сондықтан оларды шамадан тыс тұтыну адам ағзасына кері әсер етуі мүмкін.
Министрлік өкілдері мұндай өнімдерді көп ішу асқазанда ауырлық туғызып, қандағы қант деңгейінің көтерілуіне ықпал ететінін айтты. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге мұндай сусындарды шектен тыс пайдаланбауға кеңес берілді.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Wedrink өнімдеріне байланысты жаппай тағамнан улану деректері тіркелмегенін мәлімдеді.
«Комитетке және оның аумақтық департаменттеріне Wedrink бренді өнімдерін тұтынуға байланысты жаппай улану туралы шағымдар түскен жоқ. Сондай-ақ өңірлердегі инфекциялық стационарлармен бірлесіп, улану жағдайларына талдау жүргізілді. Нәтижесінде Wedrink өніміне қатысты улану факілері анықталған жоқ», — делінген комитет жауабында.
Ведомство өкілдері егер нақты расталған жағдайлар болса, азаматтар медициналық құжаттар мен өзге де дәлелдерді ұсына отырып, аумақтық бөлімшелерге жүгінуі қажет екенін атап өтті.