17 қаң, 2017 сағат 09:04

Зира Нау­рыз­ба­ев­а: Түп-тамырын түгендеген ұлт тоқырамайды

Мәдениеттанушы, журналист, аудармашы Зира  Нау­рыз­ба­ев­а­­­мен әңгімеміз оның соңғы жылдары жасаған жобалары мен бүгінгі қазақ қоғамындағы кейбір үрдістерге көзқарас тұрғысынан  өрбіді.

— Мәдениеттанушы ретінде қоғамдағы қазіргі тенденцияларды қалай бағалайсыз? Постмодернистік ауандағы көңіл-күй,  әлеуметтік желіге байланған тіршілікке көзқарасыңыз қандай?

– Қазіргі қоғамдағы үрдіс­тер­ді мынау жаман, мынау жақ­сы деп бағалау қиын. Өйткені, дү­ниедегі барлық нәрсе салыс­тыр­малы. Мысалы, жастар кітап оқы­майды, қысқа мәтіннен әрі қарай аттамайды дейміз. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша аударылған екі том кітаптың құрастырушысы болдым. Сонда ақын Мейірхан Ақдәулетұлы скандинавиялық сопы Фритьоф Шюонның «Исламды ұғыну» атты еңбегін қазақ тілінде сөйлетті. Кейіннен сол еңбек туралы «керемет екен» деген пікір айтты, оған қоса «сұмдық мылжың екен» дегені де есімде қалыпты. Гегельдің «логика жүйесін «еш­теңе» ұғымынан бастау керек пе, әлде «бір нәрседен» бас­тау керек пе» деген сауалды кі­тап­тың 100 бетіне сыйғызып тал­қылайтыны бар ғой. Кейбір кі­таптарының кіріспесі 200 бетке дейін созылады.

Батыс ілімінде ойды тарқату, сан қырынан көрсету, себеп-салдарын анықтау, яғни, дискурс жағы басым. Сол тұрғыдан келгенде кейбір еңбектер шынында өте мылжың сияқты көрінеді. Мұны не үшін айтып отырмын? Біздің буын кітап оқып өскен ұрпақ. Бойларына жазба мәдениеттің дәстүрін сіңірген. Үлкен дүниелерді оқуға да, жазуға да бейім. Ал, қазіргі қалыптар қысқа. Бір жағынан алып қарасақ, ата-бабаларымыз аз сөзге көп ойды сыйғызып айта білген. Бұл формалар соған үйрететін болар деп те ойлаймын. Екінші жағынан өнер, әдебиет, мәдениетті «Инста­граммен» өлшейтін, құн­­дылықтар туралы танымы бө­лек, дүниеге көзқарасы басқа жастардың өсіп келе жатқанын да мойындау керек.

– «Қазақтың мәңгі аспаны» атты кітабыңыз жарыққа шықты. Осы еңбектегі талдап түсіндіру, салт-жораларды қайта жаңғыртуда қандай негізгі тұжырымдамалық идеяларды басшылыққа алдыңыз?

– Негізі о баста белгілі бір тұжырымдама болған жоқ. Бұл жиырма жылда жазылған дүниелердің басын қосқан кітап. Адам баласы жылдармен бірге өсу, даму эволюциясынан өтеді емес пе? Бір кездердегі қызық көрінген нәрселердің орнын кейін басқа бір қызығушылықтар басады. Сосын тіпті басқа бір идеялар еліктіреді. Ал, өз түп-тамырыңды іздеу, соны табуға талпыныс жасау адам санасына үнемі қозғау салып отырады.

Мені кішкене кезімнен тәр­­биелеген нағашы әжемнің болмыс-бітімі де әлі күнге көз алдымда. Ол адамгершілігі мол, дана, еңбекқор, мейірімді адам болатын. Аштықты, тәркілеуді, қуғын-сүргінді көрген сұңғыла әжем сол кездегі киноларды қарап жатып, «иә, қазақ сондай надан болған ғой» дейді де, әрі қарай үндемейтін. Сөзінен бір кекесін сезілетін. Кейіннен ашыла бастады ғой. Бірақ, өкінішке қарай, 24 жасқа келгенімде ол кісі өмірден өтті. Сұмдық деп­рессияға түстім. Түп-та­мыр­ды іздеу туралы алғашқы ойлар сол кезде келе бастады ғой санамызға. Өз мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды тани түсуге деген талпыныс  аспи­рантураның соңғы курсында қорғауға тиіс тақырыбымды жазып аяқтауға мұршамды кел­тірмеді. Менің халімді сезген құрбыларымның бірі «Зира, сен мұндай көңіл-күймен ғылым философиясы туралы тақырыбыңды қорғай алмайсың. Тез арада қазақ мә­дениеті туралы жаз», деді. Бі­ті­руге жарты жылым ғана қал­ған. Мен шынымен де қазақ жы­рының бірнеше нұсқасын салыстырып, қазақ мәдениеті туралы диссертация жазып шық­тым. Ондағы мақсатым – әже­ме жақындау еді. Міне, содан бас­талған таным-түсініктер ғой кітапқа арқау болған.

Мен сияқты орысша оқыған, батыс мәдениетінің ықпалында кеткен, бірақ, өзінің тамырын іздеп жүрген адамдарға қазақ мәдениетін қарапайым түрде түсіндіре салуға болмайды. Философиялық тұрғы­дан, бас­қаша әдіснамамен тү­сін­­дірмесең біздің санамыз қа­былдамайды. Осы тұрғыдан келгенде «Қазақтың мәңгі аспаны» күрделі философиялық еңбек деуге келеді. Мұнда қазақ мә­дениетінің исламға дейінгі қабаттарын аршуға талпыныс жасалды. Кейбір салт-жо­ра­лар­дың, әдет-ғұрыптардың адамды жетілдіруге қандай ық­палы болғаны ашылды. Біз­дің қазақ мәдениеті дәстүрлі мәдениеттің қатарына жатады. Дәстүрлі мә­дениетте адамды жетілдіру, оны басқа дең­гейге көтерудің, оның бір рухани, әлеуметтік сатыдан екін­ші бір сатыға өтуінің өзін­дік ерекшеліктері жетерлік. Батыста инициация деген ұғым бар. Латын тілінен аударғанда «енгізу, қатарға кіргізу, қатарға қосу» деген мағынаны береді. Осы инициацияға бір бөлім арнадым.

– Ол қандай ерекшеліктер деген сауал сұранып тұр ғой осы жерде?

– Кезінде марқұм жұбайым, сан қырлы өнер иесі Таласбек Әсемқұлов «Жылан қайыс» ырымының сипаттамасы» деген мақала жазды. Ол өзі бес-алты беттік мақала болғанымен, кө­теріп тұрған жүгі ауыр, сал­мақ­ты дүние. Инициацияға қатысты менің тіреуіш нүктем – сол мақала болды. Яғни, адамды же­тілдіруге қатысты басқа да ғұрыптарды аштым.

Қазір біз жетім деп ата-анасынан айрылған баланы тү­сінеміз. Ертеде жетім деп қа­тал сынақтан өту үшін бір өзі қалып, адамдар қауымынан тыс өмір сүрген, елін қорғауға, азық табуға үйреніс үстіндегі бозбаланы айтады екен. Содан өткен соң ғана салтанатты түр­де қатарға қосылатын дәстүр болған. Жалпы, қазіргі бесікке салу, тұсау кесу, тоқымқағар басқа да әдет-ғұрыптардың өзін­дік терең мағыналары бар. Дәс­түрлі қазақ мәдениетінде адамды адамдық сапаға көтеру, оны барлық жағынан жетілдіру басты орынға қойылған. Ол үшін әр жаста атқарылатын әдет-ғұрыптар бар. Және мұның өзі қоғамға керек деп есептеймін. Өйткені ол түп санамызда бар.

– Қазір қандай жобалар бойынша еңбектеніп жатырсыз?

– Соңғы бір-екі жылда дәс­түрлі музыка туралы «Тылсым перне» деген радио­хабар жасадым. Хабарды әзірлеу барысында қазақтың әнші­лері мен күйшілері туралы көптеген кітаптар оқы­дым, мәдениеттанушы дең­гейінде өзгеше қалыппен қо­рытып, тыңдармандарға ұсын­дым. Екін­ші жасаған негізгі жобам – «Төрт бұлт» деген атпен кітап жазып бі­тірдім. «Төрт бұлт» деген атау­ды қоярда «Қазақтың мәңгі ас­па­нымен» байланысы болуын ой­­ладым. Екіншіден, Құртқаның мол жасауын көргенде Қо­бы­лан­дының «маған қандай сыйыңыз бар?» деп қыз әкесінен сұрайтыны бар ғой. Сонда ол төрт бұлтты «сыйға тартады». Дәстүрлі түсінікке салсақ, төрт құбылаң түгел болсын деген мағынада. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы 35 тұлға туралы кітап бұл. Мұнда билер де, батырлар да, әнші-күйшілер де, саясаткер, бизнесмен, меценаттар да бар. Кітапқа көптеген зерттеу жұмыстарына нысан болған атақты тұлғалардың кей­бірі кірген жоқ. Өйткені, олар жайлы деректер мол. Орыс тілді аудиторияға белгісіз, қазақ тілді оқырман үшін де онша бейтаныс Тобанияз Әлниязұлы, Тұрысбек Маманов, Қаражан Үкібаев сынды тұлғалар бар ішінде. Сондай-ақ, таныс та бол­са көп қырлары ашылмаған Құ­нанбай қажы, Тәттімбет сері сияқты тұлғаларды басқаша бір көзқараспен беруге тырыс­тым. Алашорда өкілдерінің тұл­­ға­ларын ашуда да жастарда бір көз­­қарас қалыптасатындай дең­гейде орындауға талпындым. Әлі жарыққа шыққан жоқ. Биыл көк­темде жарыққа шығады.

– Сіз қазақша жақсы біле тұра еңбектеріңізді көбінде орыс тілінде жазасыз. Қазіргі біз­дің қоғамда қазақтілді аудитория, орыстілді аудитория дейтін ұғымдар қалыптасты. Сіздіңше осы үлкен екі аудиторияны қалай жақындастыруға болады?

– Рас, қазақ тілінде де сөй­леп, жаза алғаныммен көбінде орысша жазамын. Бірінші се­бебі, мектепте, университет­те білімді орысша алдым. Сон­дық­тан орысша жазу оңай. Екіншіден, көбінесе жеке тапсырыстармен жұмыс істеймін, тапсырыстардың дені орыс ті­лінде болады. Ал енді қазақ­тілді, орыстілді аудитория мәселесіне келсек, мен негізгі мәселе тілде деп ойламаймын. Бұлар жалпылама ұғымдар. Қазақтілділердің ішінде де орыс­ша жақсы сөйлеп, жаза ал­ғаны былай тұрсын, орыс­тың мүддесі тұрғысынан ой­лайтындар мен батыс, араб мәдениетінің ық­палына тү­сіп жатқандар да кез­деседі. Орыстілділердің ішін­де де қазақша білгенімен, ниеті адал болға нымен, қате сөй­леуге намыстанатындар же­терлік. Сондай-ақ, бұлардың ара­сында да орысқа, батысқа елік­тейтіндер бар. Батысқа еліктейтіндері тіпті орыс тілін ұмытып, ағылшынша сөйлеп кетті. Мәселе басқада. Қай тілде сөйлесе де олар қазақ елі­нің патриоты ма? Осы мәселе тол­ғандырады.

– Таласбек аға екеуіңіз құр­ған «Өтүкен» сайтының қазіргі халі нешік?

– Ол сайтты құрған кездегі негізгі мақсатымыз – оқырман тарту еді. Жасыратыны жоқ, оқырман көбейту арқылы қаржы табуды да ойладық. Әлеуметтік желілер онша дамымаған кез еді ол. Сөйтсе де, екі жарым миллионнан аса оқылым болғаны үлкен жетістік. Соңғы екі жыл мен үшін өте ауыр болды. Таласбек өмірден өтті. Сайтқа онша кө­ңіл бөлмедім. Бір жағынан арзан жарнамаға да жол бергім келмейді. Таза ұстауға тырысам. Менің осы жағдайымды білетін бір жігіт Атыраудан хабарласып, сайттың техникалық базасын өзгертуге, дамытуға қаржы бөлді. Рахмет оған. Қазір сайт жаңғыру үстінде. Ал, жалпы, келешекке қойған негізгі мақсатым – Таласбектің қал­ған бес том­дық кітабын шығару. Сосын «Серік­бол Қон­дыбайдың концепциялары» ат­ты ғылыми кітапты жазуға тапсырыс алдым. Бір порталмен «Қазақстанның киелі географиясы» деген жоба бастағалы жатырмыз. «Тылсым перне» бағдарламасының негізінде «Қазақ музыкасының баламалы тарихы» деген кітап дайындау қажет. Және балаларға арналған шытырман оқиғалы «Алтын тостағанды іздеу» хикаятының жалғасын оқырмандар сұрай береді. Соны да қолға алу керек. Қысқасы, жоспарлар жетерлік.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан» газеті