02 жел, 2019 сағат 14:05

Жетпіс бес адам Самара – Шымкент тас жолында жантүршігерлік апатқа түсті

Қазақстандағы Самара – Шымкент республикалық тас жолында автобус пен жүк көлігі бір-бірімен соқтығысып қалды, деп хабарлайды «Қазавтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Neoplan маркалы автобус жүргізушісі Daf маркалы жүк машинасымен соқтығысып қалған.

Жол апаты бүгін, 2 желтоқсан күні Қызылорда облысы Шижаға ауылының маңында болды.

«72 адам – Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары эвакуацияланды. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілді. Жедел жәрдем дәрігерлері екі зардап шеккен азаматты Арал аудандық орталық ауруханаға алып кетті. Болжам бойынша, олардың аяқтары сынған. Алдын ала ақпаратқа сай, жапа шеккендердің екеуі де – автобус жүргізушісі», – деп хабарлады «Қазавтожол» баспасөз қызметінің басшысы Маржан Ордабай.

Оның айтуынша, жүк көлігін тізгіндеген Өзбекстан азаматы зардап шекпеген. Қазір жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.