19 нау, 2018 сағат 08:52

Желмая жылдың желісі

 

Маған мына сағым жортқан самиян дала кешегінің тарихы, бүгінгінің еншісі, ақ тымақ киген абыздардың түр-түсі секілденіп тұрады. Анау құзар басын күн сүйген қарлы шыңдар небір алтын ғасырларды құшақтап жатқан салмағы тоқсан тоғыз нарға жүк  қастерлі томдар десем күлмеңіз.

Ежегейдің еңісі ой безбенінде сүрленіп жатқалы көп болды. Тобылғы бүрін жарған түнде, қайнап тұрған тұмаға бас қойсаң сергіп кетерің сөзсіз. «Ай ат басын бұрғанша, жыл жылқы аунап тұрғанша» есейесің, күтпейтін құм сағат сырғып барады. Зәудеғалам қойылатын бір сауал, баспалдақтың нешінші сатысына келдік біз?

Шіркін, алда-жалда  сол тауларға құдіреттің күшімен тіл біте қалса,  онда  қатпары қалың тарихтың беймәлім жұмбақ сырларын алдымызға  жайып салар ма кім білсін. Бір-біріне жамандық ойлаған, топ-топқа бөлініп дауласып, жік-жікке бөлініп жауласқанын қоймаған мына дүрдараз пенделер ұялып кеуделеріндегі кесек тоң жібеген болар ма еді.

Жыл  ағашы қанша бүрлесе де, көңіліне көктем ұяламаған міскін қалыптардың осынша ойсыздыққа кетуіне не себеп. Өткеннің санаға салған сырқатынан әлі күнге айықпаған бір буын тағы бар. Мына арайлы таңның шуағы терезесіне түссе де, кеуде сарайына түспеді... Недейін-ай! Оларға заман кінәлі, қоғам кінәлі деп ақтала салудың  жөні жоқ. Жемтік көрсе үймелейтін қарғаларға, дайын ауыздар мен жайын ауыздарға қылар қайраның қанша. Мынау үскірік аяз, арқыраған ақжал айғырдың тамырында тулаған өзеннің арыны қайтып, желігі басылған шақ.

Жер иесімін деп жар салып,  жалпақ жаһанды ашсам алақанымда, жұмсам жүдырығымда ұстаймын, менімен ғана таң атып, менімен ғана күн батады деп ескеуілдеген қаншама Ежегейдің сүйегі мынау топырақтың астында қурап қалғанын кім білсін. Оған тек күн куә.

Сырттағы сырғуаңдар «Алтын күннің шұғылалы сәулесі жарамсақтанып жүрген жансебілдерді игілікке емес, күйдіруге бола шашылған», - деп дауырығып шаттануда. Ежегей: «Ағам айтатын мизам шуақты осылар бойына құт деп қабылдай алсын ба. Ағам екеуіміз тағдырлас, жүректес ниеттес едік, арамызды байқаусызда қара мысық кесіп өтті. Бірақ бауырмалдық пен сағыншты жоғалтқан емеспіз. Алыста жүрсек те тілекші жандармыз, басымнан бұлт ауғанда демеген сол кісі емес пе еді», - деп ұзаааақ  қарап, ауық-ауық күрсінді.  

Құтырынған қара дауыл долданып қарағайдың қабығын сыпырып, қарағанның басын тербегені, балауса құрақтың мазасын кетіргені ештеңеге ес емес. Ежегей осыны дүние ғапыл деп түсінеді. Атам заманнан жұмыр жер, жұмыр басты пендені жұтпаса, жұтылып көрген жоқ. Екі көздің шұңқыры, тек бір уыс топыраққа ғана толары хақ. Күні ертең бәрін өзім-ақ көрем, салтанат құрам дегендерге толы мына төпмешікке айналған суық қабірлер. Алдаспан айдың сүт сәулесі мен сағымы  сорғалап тұр. Сан жылдық сағыныштан  кеберген кенезелер сол нұрға шөлін қандыратын күн жақын. Соған тым ыстық ықылас,  берекелі тыныштық керек.

Ежегейдің құлағы шуылдағалы көп болды, әлде біреу сыбырлаған секілденіп түн ортасында суық тер жастықтан басын жұлып алды. Қасында шашынан жусан исі бұрқырап жарты тымық түннің бесігінде тербеліп жары жатыр. Ішінен күбірлеп әлдебір сөзді қайталап, басын жастыққа қойғаны сол еді. Бесіктегі сәби іңгәлай бастады. Киіз үйдің түндігінен төнген кіршіксіз жұлдыздардың жанарлары дір қағады. Бұл ғажайып көрініске кеудесіндегі жұдырықтай ет бүлік ете қалып еді, жанарынан ыстық жас бұрық ете қалды. «Жастық  дәурен ғазиз бастан осылай өтеді екен», - деп ұзақ ойдың шүңетіне шым батып кетті, жан жарасы жазылғандай қара терге малшынды. Бәлкім кеуденің тоңы жібіген болар. Бұлақтың сылдыр күлкісі, сәбидің тыныш ұйқысы бұзылмасын!

Көгедай Шәмерхан