21 қыр, 2018 сағат 09:19

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Түркия азаматы кешірім сұрады (Видео)

Алматыда жедел жәрдем жүргізушісі Николай Кучманы ұрып-соққан 28 жастағы түрік азаматының  видеоүндеуі жарияланды, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.

"Мен 18 қыркүйек күні Наурызбай батыр мен Мақатаев көшелерінің қиылысында жасаған әрекетім үшін Қазақстан халқынан және жедел жәрдем жүргізушісі Николай Григорьевич Кучмадан шын жүректен кешірім сұраймын ", — деп мәлімдеді Али Демир.

Ол видеода Қазақстанда жеті жылдан бері тұрып жатқанын айтқан. Үйленген, бес айлық қызы бар, әйелі мен баласы – Қазақстан азаматы.   

"Менің әрекетімнен отбасымның зардап шеккенін қаламаймын. Қазақстандықтардан отбасым үшін, қызым үшін түсіністік танытуын өтінемін. Қазақстан халқынан және Николай Кучмадан тағы да кешірім сұраймын!" — деп атап өткен  видеоүндеуде Али Демир.

Айта кетейік, полиция 18 қыркүйек күні 28 жастағы Түркия азаматын ұстап, уақытша ұстау абақтысына қамады. Дегенмен ол кейінірек кепілмен босатылды. 

Қоғамдық резонанс тудырған видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралды. Роликте ер адам жедел жәрдем көлігін тоқтатып, қарт жүргізушіні бірнеше рет ұрғаны көрінеді.