02 ақп, 2019 сағат 14:31

Жастарды қолдау – болашақты ойлау


Елбасының былтырғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пентұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауындағы игі бастамалардың бірі осы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы еді. Міне бүгінде жұрт болып қолдаған сол бастаманы ресми түрде жүзеге асырудың алғашқы қадамы жасалды.

Елбасының қатысуымен Елордада «Жастар жылының» ресми ашылу салтанаты өтті. Оған әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар өкілдері, тіпті, шет елдерде тұратын қандастарымыздың шақырылуы бұл игі шараның ауқымдылығын айғақтайды. Жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың қай-қайсысы да – өзекті. Енді сол ұсыныстар негізінді нақты бағдарламалар әзірленіп, жер-жерлерде, тіпті ел аумағынан тыс, қазақ диаспоралары тұратын шет елдерде де жүзеге асуы тиіс.

«Жастар жылын» жариялауды неге қолдап, бұл бастамаға қуанып отырмыз? Оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы, бұл – болашақты ойлаудан туған іс. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші, алға жетелеушісі – жастар. Жастар дегенде тың идеялар, соны бастамалар ойға оралады. Еліміздің ендігі даму көкжиегін кеңейтетін де осы жастар. Демек, қазір қуаты тасыған, еңселі еліміз ең алдымен жастарды қолдап, оларға мемлекеттік деңгейде демеу көрсетуі – заңдылық.

Жастарымыз да Отанның осы қамқорлығын терең сезініп, озық білімімен, адал еңбегімен лайықты жауап қайтарады деген ойдамын. Бұл ойымның қате еместігіне, жастардың Елбасы сенімін ақтайтынына бүгінгі өткен жиынды, ондағы жалынды жастарды көріп, тағы бір көз жеткіздім. «Жастар жылы» жарқын істер жылы болсын дегім келеді.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі