24 нау, 2020 сағат 11:40

Жасанды ұрықтандырудан туған бала ұрпақ сүйе алады ма?

Бүгінде әлем тәжірибесінде ғана емес, Қазақстан тарихынан да орын алып отырған экстракорпоралды ұрықтандыру тәжірибелері жүзеге асырылып келеді. Алайда қоғамда жасанды ұрықтандырудан туған бала болашақта ұрпақ сүйе алмайды, өзі ұрпақ тарада алмайды деген теріс пікір қалыптасты. «Ұлт» порталы осы орайда ел аузында жүрген мифті зерттеп, ғалымдардың пікіріне жүгініп көрді.

Сауалнама көрсеткендей экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы туған балалар ұрпақ сүю бақытынан айырылмайды. Олар өздігіне ұрпақ сүйе алады. Мұны медицина дәлеледеген деп отыр ғалымдар. Осы орайда экстракорпоралды ұрықтандыру саласында талайлы тәжірибелі ғалымдардың пікірін беруді жөн көріп отырмыз. 

Вячеслав Локшин, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:

– Экстракорпоралды ұрықтандыру саласындағы көптің көкейіндегі сауалға ресми жауап бергім келеді. Және осы жалған ақпараттарға нүкте қойылса дейміз. Әлемдік статистикаға көз салсаңыз, отбасылық жұптардың 10-15 пайызы бала сүю мүмкіндігінен айырылғанын көресіз. Мұның бірден бір себебі – кеш үйлену. Сондықтан да мұндай жағдайда экстракорпоралды ұрықтандыру мәселесі өзекті болып отыр. Ал жасанды жолмен туған баланың ұрпағы болмайды дегенді ресми жоққа шығарамын. Мұндай адамдардың алғашқы легі балалы болып та үлгерді. Әлемде жасанды ұрықтандырумен туған 15-20 мың бала өздері балалы болып отыр. Бұл әлемдік тәжірибеде оң нәтиже берген. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.

Қазақстанда өткен жылы ЭКҰ бойынша 9000 бағдарлама жасалды. Клиенттердің 11 пайызы әлемнің 38 елінен келген. Әлемде 8 млн бала ЭКҰ арқылы туған. Бұл – статистика.

Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасы — АҚШ-тан 7-8 есе, Еуропадан — 5 есе, Ресейден 2 есе арзан. Қазақстанда жыл сайын 2200 аса бала ЭКҰ арқылы туады. 1996 жылдан 2019 жылға дейін 19 мың бала дүние есігін ашқан. ЭКҰ сәтті болуы үшін 3-4 рет жасалғаны дұрыс. Себебі жүктілік болу ықтималдығы 40 пайыз болады. Жас үлкейген сайын бұл пайыз азаяды.

Шухрат Миталипов, профессор:

– Естеріңізде болса, 2017 жылы адам эмбрионын бірінші рет редакциялап шығардық. Бұл технологиялар ары қарай дами береді деп ойлаймын. Біз Қазақстанда бірінші дегенімізбен, бұл қазірдің өзінде қытайда жұмыс істейді. Дегенмен біз бірінші болып мутацияны алмастыруға, оны түзетуге көмектесетін әдіс бойынша жұмыс істей бастадық. Ал бұған дейін негізіген жаңа мутацияны қалай құру керегін көрді.  Біз әлі де редакциялау жасаймыз. Гомозиготикалық мутациялармен жұмыс істейміз, яғни геннің екі көшірмесі мутантты болған кезде. Бұл жағдайда қалыпты генді енгізу өте қиын. Өйткені оның ішінде жоқ. Мутанттың орнына қою үшін жасанды ген жасау керек. Бұл жұмысты біз бастадық, бірақ ол әлі де сәтті жүріп жатыр.

Мен осы жұмысты клиникаларға енгізу үшін елге келдім. Әзірге жұмыстар енді басталды.

Менің ойымша, мұнда барлық клиникалар қызығушылық танытады.  ЭКҰ жағдайы (саласы) Қазақстанда өте жақсы, барлық заманауи технологиялар бар, жаңасын енгізу базасы бар, мамандар бар. Пробиркадан шыққан бірінші бала 40 жыл бұрын туған. Қазақстанда – 22 жыл бұрын. Бұл өте жылдам енгізу. Сондықтан біздің медицинада көш ілгерілеу бар деп бағалаймын.

Салтанат Байқошқарова, Адам ұрпағын өрбіту институтының  директоры:

– Қазақстанда Құдай қолдап, менің қолымнан  туған қыз бала 1996 жылғы . Біз бұл істі 1995 жылы бастағанбыз, содан бері  міне, 25 жыл болған екен.

Мұндай жағдайда, үнемі айтатын бір ғана мәселем бар: Адам денсаулығының 55 % -ы өмір сүру салтына байланысты,    25% -ы табиғи мүмкіндігіне байланысты, 20 % -ы ғана денсаулық сақтау мамандарының жұмысына байланысты.  Адам бойындағы дерттің 80%-ы  ішімдікке салынудан, суық тигізуден, дұрыс жүрмеуден, есірткіні пайдаланудан   қалыптасады. Бізге келетін әйелдердің ішінде 70-80 % - ы бұрын жасанды жолмен түсік тастаған әйелдер. Сондықтан, кездейсоқ жыныстық қатынастан абай болу керек, ерте жыныстық қатынастан сақтану қажет. Алматы қаласында жастар жыныстық қатынасқа 12 жастан барады деген деректер бар.

Мұның бәрі бүгінгі жағдайға әкеліп отыр. Алайда, өзіміз көріп отырғандай медицина дамып жатыр, демек алда да жақсы нәтижелі жұмыстар жүретініне сенемін.

Сауалнаманы дайындаған

Индира СӘТІМ