06 нау, 2018 сағат 10:02

Жанна Елеусіз: «Түбінде әдебиет біздерді іздейтін болады...»

Бірі білер, бірі білмес – қазақ поэзиясында аяулы бір есім бар. Ол өзінің жұмбақ әлемінде өз шындығымен, өз қайғысы, өз мұң-мінімен «өмірден алыс, өлеңге жақын» ғұмыр кешіп жатқандай... Бар-жоғын білдірмей жазуды хош көрген ақынның «өзге ғұмыры» кім-кімді де елеңдетері хақ. Қазір ол қайда? Не істеп жүр? Неге көрінгісі келмейді? Бұл сұрақтардың жауабы бәрімізге қызық... Бір дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ оның қай әлемде екенінен бейхабармыз. Іздемейміз де...

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы бір сұхбатында ол туралы: Жанна – Елеусіз ғой. Маған сол елеусіздігі ұнайды – кейін тарихта қалады» деген еді. Өзі бір өлеңінде:

«Ақпын ғой. 
Ақ қағазда жүрмін - сосын. 
Көк сия - Аспантекті көңілімдей. 
Мекендеп кеткенім сол - Мұңның төсін! 
Көзіңе көрінбейтін Өмірімдей...» дегені бар. Бірде ұлттық кітапхананың мұрағатынан «Алтын Орда» газетінің 2007 жылғы тігіндісін ақтарып отырып, ақынның сұхбатын ұшырастырып қалдық. (#19(381) 11-17 мамыр. 2007 жыл. Жанна Елеусіз: «Түбінде әдебиет біздерді іздейтін болады...»). Осы орайда, жүзі бейтаныс болғанмен, жыры мәлім ақынның сұхбатын қайта теріп, оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадық. 

– «Өмір ұзақ. Ғұмыр аз». Неге?

– Ес біліп қалған кезімде әжем өмірден өтті. Ол кісіні «мама» дейтінбіз, мамам қайтыс болғаннан кейін бүкіл жан дүниемде үлкен өзгеріс болғаны есімде... Күнде ортамызда жүрген мамамның енді мүлде келмейтінін түсінгенде, дүниеде әлдене күрт өзгеріп, «бұдан әрі не болады?» дегендей бір сезім кешкенімде, одан кейінгі күндерде де таңның баяғысынша әдемі атып, қар еріп, мұз сөгіліп, Жем тасып, айналамдағы адамдардың барғы-бергі шаруаларды айтып, істеп жүргендеріне түсіне алмай басым қататын... Әкемнің қайғысы (ол жалғыз ғой, анасының қазасын өте ауыр өткізді), апамның уайымы бітпестей көрінген маған өмірдің осы бір тамаша құдіреті кереметтей әсер қалдырды. Тіршіліктің әрі қарай жалғасу заңдылығын «өмір» деп түсініп, «өмір» деп қабылдауым осы кезде болар...

Ғұмырдың аз болатыны соншалық, адамдар тірлікте бір-бірінің қадіріне жете бере ме, бүгін ренжіткен адамын ертең жұбатуға үлгерем бе, жоқ па... деп ойламайтыны мұңайтады. Тіпті орынды болса да, кейде өз сөзіме өзім өкініп, кешірім сұрап жататын кездерім көп болады. Не өзім, не ол үлгере алмайтындай бір бақилық күй кешетінім де сондықтан болар...

– Өзіңізді жолы болғыштар қатарына қосасыз ба?

– «Пендеге бәрі – Алладан» дейтін мұсылманбыз ғой... Өмірде жолың болу үшін өз жолыңды таңдай, таба білуің, соған лайықты болуың керек шығар... Кім-кім де жақсылыққа лайықты деп ойлаймын. Психологияда бір әділ түсінік бар: «өзін баюға да, бақытты болуға да лайықсыз деп есептейтін адам бай да, бақытты да бола алмайды» деген... Мен өзімді өмірдегі барлық жақсылыққа құштар адам ретінде бағалаймын. Түсінген адамға байлықтың өзі де сылдырлаған теңге, шытырлаған ақша ғана емес, солар арқылы келетін танымдық дүниелер, құнды шығармалар, санаңда ғана ұстап қала алар сәттерді бейнелейтін өнер туындылары емес пе? Ондай байлыққа ұмтылудың өзі жақсылыққа жасаған жақсылығымыз болар еді ғой... Мақтаныш үшін ғана емес, жанды байытып, жүректі тәрбиелейтін байлықты дәріптеген дұрыс қой...

– «Әйелден ақын шықпайды» деген пікірге көзқарасыңыз?         

– Ойы озып кеткен қарындасына өкпелеп, бір ағам айтса кешірер едім. Бірақ бүтіндей әйел баласына бұлай баға беру жігіттерге жараса қоймас. Жалпы, қазақ қыз баласын қадірлеп, көкке көтере отырып, «жат жұрттық» деп қарадай безініп, «қатын ашуланса, қазан қайнатады» деп сылқ еткізіп, көктен жерге түсіре салатын тамаша, парадоксы мол халық қой. Әйелден ақын шықпайтыны рас болса, менен сұхбат алып не жыныңыз бар?..

Сөздің шыны келсек, «Құдайдан кейінгі екінші ақынмын» деуге Амантай ақынды кім мәжбүрлепті? Мұсылманда «Аллаға серік қосу – күнә» екенін Амантай ағам да біледі, «бірінші, екінші...» деп тізбелеуге басқа жатса да, Алла жатпайтынын қаймана қазақ та біледі ғой... Менің бұдан кейін «бірінші» жазбасқа, басқалардың «Амантай...лар» екінші екенін мойындамасқа не амал бар еді?..

Бірақ мен әке сыйлап, аға қадірлеген, жарға табынған қазақтың қызымын ғой, өлеңде өз орнымды осылай еншілесем де, азаматтың басын әрдайым жоғары қоямын. Тек... кейбір шенге тойып, қызметке масайраған, менмен жігітсымақтар нағыз азаматтан садаға кетсін деген өкпемді де жасыра алмаймын...

– Жалғызсырайсыз ба?

– Адамның ішкі жалғыздығы шығар ақындық деген... Және қоғамда өмір сүре жүріп, жұрттың бәрі мені түсінсін деу де ақылсыздық болар еді. Менен гөрі өлеңім жалғызсырайды десем, дұрыс...

«Жарақаттап жүретін жерге соғып тізені,

Өлеңім де өзімдей бір жапырақ қыз еді...»

Көшедегі көп елдің арасында «бір жапырақ қыз» жүгіріп келеді. Алдынан атасы шығатындай... Жүгірмесе жете алмайтындай... мұңайып. Көшедегі жұрттың көзі қызылды-жасылды шамдары жарқыраған дүкендерде. Сол «бір жапырақ қызды» ренжітіп алмай менің маңдайыма жазылған. Ар жағын өзің түсіне бер...

– «Сүюдің жастығы – айғыз, төсегі – мұң»... деп өзіңіз мойындаған едіңіз. Өзі сүю қыздардың соры ғана ма?..

– Менің ұғымымдағы қазақ қызы – сүйсе күң, сүймесе тұл болатын байғұс емес, рухы биік, мейрімі мол, жүрегінде шексіз махаббаты бар аяулы жан. «Сүйсең – сорлы боласың» деп қыздарды енді үркіте берудің жөні жоқ шығар деп ойлаймын. Мынау жарық дүниені, көгілдір аспанды, жап-жасыл жерді сүйген, сол дүниеге шыр етіп келуге лайықты деп саналған – өзін сүйген қыздың бақытты болмауға хақысы жоқ!

Махаббат сол ғашық болған жігітпен бірге келеді деп жүрген кім? Махаббат – біздің жүрегіміздегі әуелден бар тамаша сезім, оған лайықты адам түбі өзі іздеп табады. Тек сене, күте білу керек деп ойлаймын.

– Әдеби орта жөнінде не айтар едіңіз?

– «Ақынды орта жасайды» дегенге қарсымын, орта ақынды сақтау үшін керек болар, бәлкім... Оның орнын айқындап беру үшін, шығармашылығын насихаттауға түрткі болу үшін, тіпті жұртқа «Әй, орталарыңда жүр ғой мына кісі, өлеңдері мынандай екен» деп бағыт беру үшін де, ең бастысы, өзгелер түсінбеген ойларыңды сол ортаға салу үшін де... Орта қажет. Әйтпесе, желтоқсаннан кейінгі буын – біздер әлі:

«Әлеуметімізге – ақынбыз.

Әдебиетімізге – қазақпыз...»

  Үлкендер өкпе тарқатысып жүрген тұста біздер отбасыдан жылу іздеп, басымызға бір-бір орамал тартып кеткенбіз. Жаулығымыздың ұшымен көзімізді сығып... Бұрын ел Алматыға әдебиетті іздеп босатын еді. Түбінде әдебиет біздерді іздейтін болады... Мен сенемін соған!

– Жұмыссыз жүруіңізге не себеп? «Жұмысым шығармашылығыма зиянын тигізеді» дейтін ақындар бар. Не айтар едіңіз?

– Мен – азамат болсам, әуелі жұмыс жасар едім. Еркек дейтін қасиетті қауымның атына кір келтірмеу үшін... Әйел дейтін асқақ жұртты өзіме табындыра да, таң қалдыра алу үшін... «Менің әкем осынлай» деп мұрнын жеңімен бір сүртетін ұрпағымның орасан сенімі үшін...

Қоғам адамды қол еңбегі, дауыс, білім шеберлігіне, ой жұмысына байланысты мойындап, бағалап та қойған. Ал жан еңбегі туралы естігеніңіз бар ма? Ақындық жанның еңбегі ғой!.. «Ақын дейтін мамандық жоқ» деп дауласар біреулер. «Өлең жазу – Құдайға апарар жол ғана» екенін өзім де есімнен шығарған емеспін. Ал отбасына қарап, бала тәрбиелеген аналардың еңбегін неге теңеуге болар...

Менің Құдай берген екі түйір балам бар. Ал көп балалы аналардың көбісінің дүниеге сәбиді келтіргеннен басқа, ұйып мейірін бере алмай, қозыдай бауырына баса алмай, ертелі-кеш көкірегі сыздап, жүрегі күйіп еңбек еткенінен кім хабардар? Қараусыз қалған қанша сәбидің қайғылы жағдайға душар болғанын кім санапты? Елеңдейтін енесі бар келіндер бақытты шығар, базарлы шағында баланы да туып, Балқан тауға да бара алатын...

Ал шығармашылығына жұмысы зиян келтірді деп жүрген ақындарға «сабақтан қашқандай, қашып кетіп тұрсаңызшы...» дегім келеді.

– Ақырзаман» дейтін өлеңіңізде мынадай жолдар бар:

«Ажалды өткергесін,

Адам боп оралармыз» ...

– Менің байқағаным – адамзат тарихында орын алған әрбір қантөгіс қырғыннан кейін дүниеге келген ұрпақ өлермен болады екен. Ең күшті мағынада олардың өмірге деген құштарлығы орасан зор, білімге деген ынтызарлығы тау қопарардай. Байқасаңыз, біреудің қазасын естігенде, өз жақындарыңызға деген жанашырлығыңыз артпай ма? «Құдай сақтасын...» дейсіз ғой күбірлеп. Немесе, күтпеген жерден бір сырқат табылып, үрейіңізді сонша ұшырған диагноз... қате болып шыққанын елестетіңізші. Сол сәтте-ақ әлем өзінің бар бояуымен жайнап шыға келмей ме?! Ендеше, өлім, өлімнің қаупі адамды өмір сүруге итермелейтін күш екен ғой деген ой келді маған. Өлім адамды осы өмірді бағалауға жетелейтін табалдырық қана екенін түсінгенде, ол соншалықты жексұрын болып та көрінбейді екен. Атам заманнан айтылып келе жатқан ақырзаман да Алланың адамға «дұрыс өмір сүр» деген қатаң ескертуі секілді...

–  Сіз кімді мойындайсыз? Қоғамның сізді мойындауы қажет пе?

– «Құдайдың құдіретімен өсіп шығып, Алланың әмірімен қурап кетерімді» әлдеқашан мойындағанмын. Адам қоғамның өнімі емес, Құдайдың перзенті екенін түсінетіндер бар ғой... Нағыз ақын өзі өмір сүрген кезеңнен бірер дәуір ерте, не кеш келеді. Мені мойындайтындарды келешектен іздеу керек шығар...

Әңгімелескен: Сәтжан Дәрібай,

Ақтөбе қаласы.

Сұхбатты терген: Жандарбек Жұмағұл