19 там, 2019 сағат 12:26

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Жапониядан жеңіліп қалды

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан волейболдан қыздар арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы Жапониядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

В тобындағы екінші кездесуінде қазақстандық қыздар үш сетте де қарсыласына есе жіберіп қойды. Бірінші сетте құрамамыз оларға 19:25 есебімен жол берді. Келесі сет тартысты өтті. Дегенмен жапон қыздары 25:23 есебімен басым түсті. Соңғы сетте олар 25:16 есебімен жеңді. Осылайша біздің құрама жалпы нәтиже бойынша 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл топта 6 ұпаймен Жапония көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Қазақстан мен Австралияның еншісінде үш-үш ұпайдан бар. Ал Үндістан қыздары алғашқы екі кездесуінде де қарсыластарына есе жіберіп қойды. Енді біздің қыздар 20 тамызда Үндістанмен кездеседі.

Бүгінгі қарсыласымыз Азия құрлығындағы тәжірибелі құраманың бірі саналады. Жапон қыздары бұған дейін 1975, 1983, 2007, 2017 жылдарда чемпион атанып үлгерді. Сондай-ақ, олар Олимпиада ойындарында (1964, 1976) және әлем чемпионатында (1962, 1967, 1974) чемпиондық тұғырға көтерілді.

Біздің қыздар Азия біріншілігіне биыл тоғызыншы мәрте қатысып отыр. Құрамамыз 2005 жылы күміс жүлдегер атанған болатын. Сол жылы финалда Жапонияға 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Қыздарымыз өздері қатысқан қалған Азия біріншілігінде алғашқы ондықтан көрініп келеді.

Азия чемпионатында 13 құрама бақ сынайды. Олар төрт топқа бөлінген. А тобында Оңтүстік Корея, Гонконг, Иран, С тобында Таиланд, Жаңа Зеландия, Тайвань, D тобында Қытай, Индонезия, Шри-Ланка құрамалары сынға түседі. Біздің құрама В тобында Жапония, Австралия және Үндістан құрамаларымен жарыстың келесі сатысына берілетін екі жолдамаға таласады. Азия біріншілігі 25 тамызда мәресіне жетеді.

Естеріңізге сала кетелік, Азия біріншілігінің алғашқы ойынында біздің қыздар Австралиядан 3:0 есебімен басым түскен болатын. Аталмыш топтағы тағы бір кездесуде Үндістан құрамасы Австралиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.