#
#
Бейсенбі 12/12/2019

Ұлытаудың «Алтын шоқысындағы» таңбалы тасты Әмір Темір орнатқан

  • 02.12.2019
  • 0
  • 690

Аманкелді ауылының батыс беткейіндегі алты шақырымдай аумақты алып жатқан шағын шоқының басындағы таңбалы тасты жорыққа аттанған Әмір Темір қалдырған.

Амангелді ауылының батыс беткейіндегі қозыкөш жерде шамамен алты шақырымдай аумақты алып жатқан шағын шоқының қойнауында қандай құпия құндақталған? Оның атауына «алтын» анықтауышы қосақталуының сыры неде? Бізге жеткен аңыздың астарына үңіліп көрейік.

Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы 1391 жылы қысты ұзатып барып (ескіше 793 жыл) жорыққа аттанған Әмір Темірдің (1336-1405) екі жүз мың жауынгерден жасақталған қалың қолы Самарқаннан суыт шығып, сәуірде Сарыарқаның сайын даласындағы Ұлытаудың сілеміне ат басын тірейді. Жошы ханның атақонысы ол кезде Алтын орданың саяси әрі рухани орталығы еді.

Мәуереннаһр билеушісі безерген Бетпақдаланы кесіп өткенде әбден қалжыраған, шаршап-шалдыққан қалың жасағының ауасы таза, суы мөлдір, көкмайса көмкерген кең алқапта айқас алдында алаңсыз тынығып алғанын қолай көреді. Қарап жатпайды, тамаша табиғаттың тамылжыған көркіне тамсанған ол осында белгі қалдыруды көздеп, көлемді құлпытасқа тиісті деректі жаздыртып, оны шоқының басына шығартады.

Ел арасында «Әмір Темір әр жауынгеріне бір-бір тастан тастатып, тау тұрғызып, басына тас қорытатын пеш салдырып, жанындағы «Жеті қыз» өзенінің жағасынан жағатын тал қидырып, балқыған тастың бетіне жазу жаздырған» деген де әңгіме бар. Ал, тағы бір аңызда Ақсақ Темір жорық алдында әр жауынгеріне тас жинатып, қорған тұрғызғаны, тірі қайтқаны өз тасын алып кеткені, ал шоқы басында қайтыс болғанының тасы қалғаны туралы айтылады.

Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, бұл – салт-дәстүр жоралғысы жасалатын орын, яғни, белгілі бір уақытта құрбандық шалынып, дұға оқылған, батыр бабаларды еске алып, алаулатып от жаққан. Ал, археолог, ғалым И.Русановтың болжамы бойынша, бұл күкірт бөліп алу үшін кен балқытқан металлургиялық пеш болуы да мүмкін. Үйілген тастың төрт жағынан қалдырылған жел айдайтын қуыс қазір де байқалады. Бәлкім, алтын айырып алған шығар? Әйтпесе, айдаладағы тас үйіндісі неге «Алтын шоқы» аталады?

Қалай болғанда да, Әмір Темірдің осы жорығы тарихта өзіндік ерекше із қалдырды. Әлсіреген Алтын орда ыдырай бастады. Соның салдарынан Русь пен Батыс Еуропа оның езгісінен құтылды. Ақыры Алтын Орда Қазан, Сібір, Астрахань, Қырым хандығына бөлінді. Кейінірек Қазақ хандығы құрылды. Ал, осы тарихи оқиғадан қалған белгі араға алты ғасыр салып әлем жұртшылығының игілігіне айналды. Оған себеп болған қазақтың Қанышы, академик Сәтбаев. Кезекті экспедиция кезінде 1935 жылы тамызда тапқан.

Қаныштың қолына тиген таңбалы тас зерттеу үшін 1936 жылы Санкт-Петербургке жол тартты, Эрмитаждан орын алды. 1940 жылы профессор Н.Поппе мен академик Ә.Марғұлан тастағы жазуды оқып, аудармасын жария етті. Онда былай жазылған екен:

«Қайырымды, мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өмірді және өлімді беруші де данамыз! Тарихтың жеті жүз тоқсан бірінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы Тұранның сұлтаны Темір бек екі жүз мың әскермен Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы соғыспаққа жүрді. Бұл жерден өтіп бара жатып белгі болсын деп қорған тұрғызып, жазу қалдырды. Тәңірім нәсіп берсін! Тәңірім ел адамдарына рақым қылсын! Олар бізге дұға арнап, еске алсын! Әмин! Тұранның сұлтаны Темір бек».

1991 жылы Таңбалытастың 600 жылдығына орай «Отырар-Ұлытау» экспедициясы жанындағы «Ұлытау» қоғамдық қоры жасатқан көшірмесі қазір «Алтын шоқының» басында тұр.

Әлібек ӘБДІРАШ

Ortalyq Qazaqstan газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар