30 шіл, 2018 сағат 06:41

Ұлы Далада ұлағатты ұлылық қалай қалыптасты?

«Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады,

басқаларға жетістікке жетуге көмектеседі,

өзі де сол жетістікке жетуді қалайды».

Конфуций 

Ұлттың ұлағаты – Ұлы Даладан.

Адамзат баласы қоғамдық дамудың жемісі. Ал қоғам – халықтың бір-біріне деген қарым-қатынасынан тұрады. Мұндағы әрбір қадам – адамдық болмыстың, тіршілік ауанында болып жатқан қиындықтар мен дағдарыстардың ішкі мәнін түзейді. Жыртқыш емес адам боп жаралған соң, ұлы мұраттарға жету үшін тістенген күресті оздыра білу мақсатында өле-өлгенше бізге тісті берген. Демек, қай кезде болмасын, қоғамның бет-алысын түсіну үшін оның дамуына өз үлестерімізді қосқанда ғана күніміз нұрлы болмақ.

Ендеше қара қылды қақ жаратын әділдік пен турашылдық салтанат құруы үшін сөздің шынын айтуымыз керек, жоғарыда атап өткен қадау-қадау ұлттық құндылықтар мен артықшылықтарға қоса, кешегі отаршыл империялық Кеңестік билікке дейін, яғни 350-370 жыл бұрынғы қазақтың Ұлы Даласында, қазақ қауымдастығында 13 жастағы ұлдарына Отау тігіп берудің, Отау иесі жасай білудің мақсатында әке-шешесі болашақ келінді, яғни бойжеткен қыздың тек байлығы мен көркіне қарап емес, алдымен иманына, ақыл-парасатына, тәлім-тәрбиесіне, әдепті, көркем мінезіне, адал адамгершілігіне, шыққан тегіне қарап таңдаған, сол сияқты қыздарын таңдалған жеріне ұзатудың прогрессивтік бағытындағы теңдесі жоқ бес бастамашыл да жаңашыл ұлы салт-дәстүрлеріміздің болғаны ақиқат. Айшықтап айта кететін болсақ, олар:

  1. Қызды атастыру;
  2. Қызды айттыру;
  3. Бесік құда болу;
  4. Қызға құда түсу;
  5. Қазағының қамы үшін ұлт, ұрпаққа шын мәнінде жанын қияр дәрежеде жанашыр бола білудің мақсатында абыройлы да мәртебелі жеңгетайлық ұтқыр қызметтің мінсіз атқарылуы т.б.

Осы тұста ескерте кететін айрықша бір жағдай бар. Ол өмірлік ақиқатты мұқият талдап қарасақ, ең алдымен өзін-өзі тани алмай жүрген, өмірлік тәжірибесі жоқ қыз да, ұл да, келешек өзінің өмірлік жарын таңдаудың жолындағы танысқан адамымен қанша жыл жүрсе-дағы толыққанды дәрежеде оның бойындағы отбасынан алған тәлім-тәрбиеге, текті адамгершілікке... қатысты қадір-қасиеттерін ешқашан да тани алмайды. Тануы мүлде мүмкін де емес. Ендеше келешегім, Алаш баласы, ойлан-дағы, жоғарыда көрсетілген ұлы ата-бабаларымыз қалыптасырған бес басты салт-дәстүрдің ұтқырлық құдіретін бүгінгі заманға сай жаңартып, жаңаша оздыра білуге барыңды салып бақ. Сол себептен де өмірлік тәжірибесі мол әке-шешенің, ата-әженің араласуының да, сондай-ақ жеңгетайдың араласуының да алатын орны мен ұтқырлығы орасан зор болғандықтан құптарлық және олар қол жеткізе білген нәтижелердің ұтымды деңгейде ерекше болуы міне, осыдан.

Қыз иманды, ақылды, парасатты, көрікті, әдепті, ибалы... қысқасы жан-жақты ұлағатты тәлім-тәрбиенің арқасында ғана озық дәрежеде бойжете білуі анасына тікелей байланысты екені әлімсақтан аян. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Анасын көріп, қызын ал...» дейтін ұлттық өсиеттің шығуы міне осыдан. Қыз әдепті, көркем мінезді... болса, келін елі, ұлты үлгі тұтар өнегелі болады. Яғни барған жерімде тек қана бақытты боламын емес, сол елді қайткен күнде де бақытты етемін, ұрпақ көбейтіп, міндетті түрде өнегелі келін, ардақты ана атанамын деген қыз ғана ұтады, бәрінен де озады, баянды бақытқа бөленеді. Бұндай текті адамшылықтан асқан қымбат байлық, жарқын бақыт болуы мүмкін бе?! Жоқ. Қысқасы, махаббат – өмірлік сынақтың кез келген тұсында алдымен ел, ұлт, Отанға, отбасы, ата-ене, күйеуіне деген адалдық пен сүйіспенді сезімді үнемі оздыра білу, бұл – ең текті махаббат. Бұл – теңдесі жоқ ең қымбат бақыт әрі ұлы байлық.

Жоғарыда аталған бес басты қарекетіміздің әрқайсысы жеке дара айтулы институттың айрықша жауапты жүгін көтере білуге келгенде, отбасының мәртебесін аспандата білуге келгенде аса жоғары дәрежедегі абыроймен атқара білетін ұлттық ұлы құрылымды ұлы ата-бабаларымыз озық дәрежеде қалыптастыра білген-ді. Осылардың арқасында ғана әйел отбасындағы өзінің өмірлік серігін, отағасылық ерін, жан жарын, жұбайын, басшылық жолын ұстана білген көсемін төрінде төредей қастерлеп, пір тұта білудің құдіретін оздыра түскен. Үйге келгенде жағдайын жасап, қабағына қарайтын, ата-енесімен тату тұратын әйелге ер адам күн сайын ғашық болады. Бұл өз кезегінде бүкіл елді, ұлтты, ұрпақты адасудан, алдап-арбаудан, азғындау жолынан мінсіз сақтай отырып, жаңа биіктерге жаңаша самғай білді. Ұрпақтарымыз ұлттық ұлағатты өнегесі орасан зор үлгілі үрдістермен алаңсыз көктеп өнді, өсті, көркейді, гүлдеп өркендеді, кемелдене түсуді оздырды. Ақырында ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты әдет-ғұрыппен ғана дамылсыз дамудың даңғыл жолына түсті. Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтағы, Алатаудан әрі Сарытау асып, ресейдің қалың орманына дейінгі аралықтағы кең байтақ сайын Ұлы Далаға рухты қазақ ұрпақтары ие бола білудің арқасында ғана рахатын көретін ұлы заманды орнықтырды. Ол ол ма, керек десеңіз Еділ ұлы бабамыз Еуропаның қақ төріне қазақтың Көкбайрағын нықтап қадап, әлемге үстемдігін жүргізе білді. Осылайша кешегі ұлы Алыптарымыз бен Асылдарымызды тізбектей берсек те, оның ұшы-қиырына жету мүлде мүмкін де емес. Міне, осынау теңдесі жоқ дана дініміздің ұлылығы мен озық тәлім-тәрбиенің үлгілі өнегесінің арқасында ғана қазақ қоғамында жүгенсіз ажырасудың, қыз өз үйінде жүріп, оң жақта отырып, бала туудың, ел, ұлт, қоғамды азғындатпай тынбайтын ең сорақы сайқал азаматтық неке дегенге ұрпақтарымыздың жаппай ұрынудың, жезөкшеліккке барудың... басқа да шектен шыққан көптеген бассыздық пен опасыздық атаулының, адасушылық пен азғындаушылықтың бірде-біреуі бұрынғы кезде болмаған.

Ал Кеңестік билік орнаған бойда дереу еркектер мен әйелдер тең құқықты деп ұрандата жария жасап, теңдесі жоқ дәрежеде қалыптасқан отбасындағы, әсіресе қазақ отбасындағы теңдесі жоқ алтын құндылықтар мен озық асылдықтарды құрту үшін, сондай-ақ махаббат деп адамзатты азғындатқыш анайылығы мен жабайлығын жүгенсіз аспандатудың арқасында асыл дініміздің теңдессіз құндылығы мен құдіретті қасиеттерін аяққа таптап, оны сорақы сайқымазаққа айналдырды. Сонымен қатар оның қадірін түбегейлі кетіруді... өршіте түсу үшін баянсыз жалған ұранды алаулату арқылы ерме қазақтың ұрпақтарын аздыру мен тоздырудың, орға жығу мен жер бетінен жоюдың құрық бойлай алмайтын небір зымиян айла-шарғыларын ойлап тауып, ұлттық ой санамыз бен өн бойымызға шегелеп сіңіруге өлермендікпен бар күшін салды. Осылардың салдарынан көшеден тауып алған қызбен танысып, ғашықпын деп, сүйдім, күйдім, жандым деп үйленеді де, артынша бір жетіден асар-аспас уақыт ішінде айырылысып кетуді дәстүрге айналдырдық. Бұл – сұмдық! Адамзат баласында бұдан асқан жүгенсіз қасиетсіздік пен қадірсіздіктің болуы, әлемдік қасірет пен масқара сорақылыққа тап болуымыз мүмкін бе ағайын? Осылардың кесапаттарына жүгенсіз бассыздықпен ұшыраған ұл өзінің әке-шешесін шаш-етектен ауыр қарызға батырып, айықпас қасіретке тығып, қаңғыбастық жолға түсіп, ақыры біреудің есігінде құл болып жүргендеріне мәз. Сорымызға қарай олар ұлттық тарих, мәдениет, тектілік, кісілік, Отан, тәуелсіз елдік деген ұлы ұғымды білмейді, болашақты дұрыс түсінбейді. Әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз өз ұрпақтарына күнделікті тіршілік аясында жасап жүрген жүгенсіз қастандықтарын, сорақылықтарын ұқпайды.

Көпті көрген абыз қариямыз Д.А.Қонаев айтқандай, «Жиырмасыншы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасірет ғасыры» болғаны, ал ХХІ ғасыр сіздер мен біздер үшін «Қасірет ғасыр» деу жеткіліксіз болар ма екен деп алаңдауым неліктен.

Молдағали МАТҚАН,

Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі,

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері,

қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик.