19 ақп, 2016 сағат 19:54

Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басты пікір алмасулар жастарға ислами, имани тәрбие беру, ұлттық мінез, ұлттық сана сезім қалыптастыру төңірегінде өрбіді.

Дөңгелек үстел жұмысына Бекжан Тұрыс жетекшілік етіп, спикер ретінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бірінші проректоры Баходир Алиев, Алматы қаласы бойынша өкіл имам Нұрбек қажы Есмағанбет, Алмалы ауданы және «Төле би» мешітінің бас имамы К. Мырзабай, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, тіл жанашыры Асылы Османова т.б. қатысты.

Кездесуде Діни басқарманың осы уақытқа дейін атқарған жұмысы және жастар мәселесіне байланысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде видеоролик көрсетіліп, Бас мүфти жастармен пікір алмасты. Пікір алмасу барысында жастар еркін ой білдіріп, толғандырып жүрген діни мәселелерге жауап алды.  

Сонымен қатар, шара барысында XIV-XIX ғасырлардың көне діни қолжазбалары мен қазақ өмірін бейнелейтін суреттер көрмеге қойылды. 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

МАҚСАТЫМЫЗ – ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ БАТЫР, ИБАЛЫ ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫ ЖАСТАР АРАСЫНДА НАСИХАТТАУ.

— Діни басқарма 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жариялады. Мақсатымыз – тарихымыздағы талай батыр қыздарымызды, ибалы қыздарымызды, ұлтымыздың дамуына үлес қосқан аналарымызды жастар арасында насихаттау. Күрделі ақпараттық уақытта тәрбие беру, имандылық пен ұлттық негізде жүйелеуді қажет етеді. Сандықтан, дәстүрлі Ислами ілім мен ұлттық сипатымызды жастар бойына сіңіре алсақ, оның қоғамға әкелер пайдасы ұшан теңіз. Жастар мәселесін қозғағанда қайтадан сол тәрбиені, имандылықты, ізгілік пен сенімді тағы сөз етеміз. Асыл қасиеттерді ертеңгі ел иелерінің бойына қалыптастыру, қыз тәрбиесін имандылықпен байланыстыру арқылы ғана шешіледі.

Зейнеп АХМЕТОВА, Бауыржан Момышұлының келіні: 

ҚЫЗ ТӘРБИЕЛІ БОЛМАЙ – ҰЛТ ТӘРБИЕЛІ БОЛМАЙДЫ

— Тәрбиенің өзі имандылық. Қыз тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды. Бала кезінде ұлттық тәрбиемен сусындаған қыз бала бойжеткенде де сол әдебін сақтайды. Салт-дәстүрді үйретудің негізгі мақсаты — қызға ана болуды, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру. Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол — адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлайтын қамқор келін. Бұл  — өмір заңы.

Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор: 

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕШІСІ РЕТІНДЕ ДІННІҢ РУХАНИ НЕГІЗДЕРІН ТЕРЕҢІРЕК ЗЕРТТЕП БІЛУІ ҚАЖЕТ.

— Ойшыл Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Ал, Абайды әлемге танытқан алаш азаматтарының бәрі сауатын медіреседен ашқан. Сол арыстарымыз бес уақыт намазын жасырынып жүріп оқып, елге қызмет еткен еді. «Халыққа қызмет ету иманнан» деген ұстанымды іс жүзіне асырған солар болатын. Қазіргі уақытта жәй ғана мұсылман болу жеткіліксіз. Сондықтан, қазақ қыздары бір отбасының анасы, ұрпақтың тәрбиешісі ретінде діннің рухани негіздерін тереңірек зерттеп білуі қажет. 

ҚМДБ баспасөз қызметі