01 қаз, 2018 сағат 09:00

ҰҚШҰ оқу-жаттығуына қатысу үшін Қазақстанға шетелдік әскерлер келді

Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің «Іздеу-2018» Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің оқу-жаттығуына қатысу үшін шетелдік әскерилер келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Десанттық-штурмдық әскердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан аумағында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштері барлау бөлімшелерінің күш-құралдары өткізетін тактикалық-арнаулы жаттығуға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан барлаушылары қатысады.

Барлау қызметтері мен арнайы жасақтар қатысатын ҰҚШҰ-ның тактикалық-арнаулы жаттығуына барлау бөлімшелері мен бөлімдерінің жеке құрамынан үш мыңға жуық адам қатысады. Жаттығуға 500-ге жуық әскери технирка жұмылдырылады. Соның ішінде ресейлік екі Су-24МР барлау ұшағы, «Орлан-10» және «Форпост» ұшқышсыз басқарылатын аппараттар.

Оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі 1 қазан күні «Гвардейский» полигонында өтеді.