18 қыр, 2019 сағат 15:40

Тұрсынбай Құлахмет бокстан әлем чемпионатынының жартылай финалына өтті

Екатеринбургте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Тұрсынбай Құлахмет те жартылай финалға шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Т.Құлахмет ширек финалда 75 келіге дейінгі салмақта армениялық Арман Дарчинянмен кездесті.

Тұрсынбай алға ұмтылған қарсыласын тосып алып, жұдырығын жиірек жұмсап, аяқпен де жылдам қимылдай білді.

Төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Т.Құлахметке берді.

Тұрсынбай Құлахмет бұған дейін чехиялық Милош Бартлды және америкалық Хавьер Мартинесті жеңген болатын.

Бұл салмақтағы 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл жарақаттанып қалғандықтан, биылғы Азия чемпионатына Т.Құлахмет барып, чемпион атанған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың ширек финалда кімдермен кездесетінін, Сәкен Бибосыновтың бірінші болып жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз. Ол да армениялық спортшымен жұдырықтасқан еді.