29 сәу, 2019 сағат 09:49

«Цеснабанктің» аты Jýsan Bank болып өзгерді

Бүгін «Цеснабанк» АҚ атауы «First Heartland Jýsan Bank» АҚ болып өзгерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" банктің сайтына сілтеме жасап.

«Ұлы даланың оянуы мен жаңаруынан белгі беретін жусанның хош исін бәріміз білеміз. Шындығында, ол - біздің Отанымыздың исі. Біздің банктің қазақ латын әліпбиіндегі аты құндылықтарымызды өрнектейді», - дейді банктің басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.

Ребрендинг туралы шешім банктің жаңа бизнес стратегиясы аясында қабылданған. Биыл жыл бойы сыртқы жарнама элементтері алмастырылып, Jýsan Bank логотипі мен банктің жаңа өнімдері жазылады.

«Біз транзиттік кезеңнен сәтті өттік. Банкті толық сауықтырып, бәсекеге төзімді жаңа несие өнімдерін шығардық. 1 сәуір күнгі дерек бойынша, банк ликвидтігі жоғары активтердің үлесі бойынша нарық көшбасшыларының үштігіне кіреді», - деді Б. Пірматов.

Еске сала кетейік, 2019 жылы ақпан айында «Назарбаев Унверситеті», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық ұйымдарының қаржылық холдинг компаниясының инвестициялық бөлімшесі «First Heartland Securities» АҚ «Цеснабанк» АҚ қарапайым акцияларының 99.5%-ын сатып алған болатын.