#
#
Жұма 24/05/2019

Құралай Күдеринова: "Тілдің қуаты - жазуда"

  • 28.02.2019
  • 0
  • 2025

Ұлт порталы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринованың қазақ жазба тіліне қатысты ойын білгісі кеп, арнайы тақырып төңірегінде аз-кем талқы жүргізген. Ендеше, сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Армысыз, Құралай ханым! Бүгінгі әңгімеміз жазба тілі туралы өрбімек. Ендеше, алғашқы сауалымызды қойсақ. Сөздің қуаты бар деген рас болса, жазу адам ойын өзгерте ме, әлде ой адамның жазуына әсер ете ме?

- Бүгінде тілдей қуатты қару жоқ. Ал тілдің қуатын арттырып отырған – жазу. Дәлірек айтқанда, жазба тіл. Жазудың адамзат ғұмырында ұлы жаңалық екені, ал жазба тіл өркениеттің негізі екені дәлелдеуді қажет етпейді. 20 ғасыр басында-ақ, қазақ халқының сауаттылығы 2 ғана пайызды құрайды деген дәуірде, А.Байтұрсынұлы “Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман” деген. Ендеше, қазіргі заман – жазба тілдің билік құрған, жазба тілдің дербестік алған заманы. Жазуды жазба тіл - ауызша тіл, жазу - сана, жазу - ойлау, жазу - тіл сияқты іргелі ұғымдар оппозициясында қарайтын заман.

Жазудың бұл доминанттылығы сөз институттарының – мектеп, ЖОО, кеңсе, баспа, БАҚ-тың  – маңыздануынан және оқыту (мектеп, университет), басқару (кеңсе), ақпарат (БАҚ) жүйесінің жазуға негізделуінен шығып отыр. Әсіресе бұқаралық ақпарат бүгінде тілдік, мәдени шекаралардан өтіп, қоғамның саяси, идеология, өндіріс, билік құралы болды. Сондықтан ақпаратты жүйелейтін, жағдаятты эксплицитті түрде баяндауға мүмкіндік беретін, жазылған  мәтінге қайта  оралып, жөндеуге болатын  жазу ақпараттар мәтінін құрудың тәсіліне айналды. Оны әсіресе жазуға байланған теледидар, радио хабарларынан көруге болады. Аудиалды (радио, аудиотаспа), видео-аудиалды (теледидар, бейнетаспа) БАҚ-та ақпараттық хабарлар, көркем әдеби бағдарламалар тілі алдымен жазба мәтін болып дайындалады. Өйткені жазу санадағы ойдың жетілуіне, пайда болуына, жүйеленуiне, айқындалуына  қызмет етедi. Жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының, дәлiрек айтқанда творчестволық әрекетiнiң құралы. “Көңiлдегi көрiктi ойдың сыртқа шыққанда өңi қашатын” болса, жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге болады. Жазылған мәтiндi қайталап оқып, толықтыруға, қысқартуға, нақтылауға, қайта құруға мүмкiндiк бар. Жазба мәтінді араға уақыт салып қайта қарап, жетiлдiруге болады. Ой үстiне ой жалғауға болады. Адам ойын қағазға түсiре отырып, жетiлдiредi, жазу арқылы ойланады, сөйтiп, жазу ендi ойдың өзiне түрткi болады. Әрине, ауызша сөйлеу де адам ойының нақтылануына, жүйеленуіне әсер етедi. Ал жазу тiлдiк санадағы барлық қалтарыстарды қағаз бетiне түсiруге мүмкiндiк бередi. Сондықтан жазудың ойжасамдық қызметі ауызша сөздің ойжасамдық қызметіне қарағанда қорытынды, түйінді, аяққы болады.

Жазудағы стандарт құрылымдар, сөйлем мүшелерiнiң тұрақты орын тәртiбi ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады. Сөйтiп, жазу түптiң түбiнде адамның өз ойын бөгделендіреді. Жазудың арқасында сөз екiншi өмiрге, дербес өмiрге ие болады.

Бұл дербестік жазудың факт, аргумент, дәлел болу қызметінде де бар. Бүгінде ресми құжаттар (мемлекеттік, құқықтық, нотариалдық) мен ісқағаздар “тірі адамның өзі” ретінде жүретін болды. Біз кісімен емес, қолындағы қағазымен сөйлесетін болдық. «Қағаздар» сөйлесе бастады. Қағаз сенімді. Ендеше жазылған сөзде жалған болмауы керек, тексерілген ақпарат, қанық ой ғана тасқа басылу қажет. Бірақ жалған ақпарат жазылған қағаз ақиқат болып, оған көпшілікті де, өзін де сендіретін кездер жасырын емес. “Қағазбастылық”, “формалдылық” әсіресе мемлекеттік мекемелердің үйреншікті сипатына айналды. (Бұл өз алдына әңгіме).

Сөйтіп, қазақ қоғамында жазудың рөлі артты. Алайда жаңа латын жазуымен байланысты бүгінгі реформада жазуға қатысты бір көзқарас айқындалмай отыр. Ол қазақ жазуы – қазақтың ауызша сөзінің көшірмесі ғана ма, әлде тілді өзіндік құрылымы мен сипатына салған дербес жүйе ме дегенге көзқарас.

- Қазақ жазуының бүгін мен болашағы туралы пікіріңізді тарқата отсаңыз...

- Қазақ жазуының бүгіні мен болашағы тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне байланайын деп тұр. Елбасымыз: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дейді. Жаңа әліпбиге көшу арқылы тілді жаңғырту мен сананы өзгертуді қойды. Бұл қазақ тілінің жазуын кирилден латынға көшіру арқылы тілдің мемлекеттік мәртебесін бекітетін қадам жасады деген сөз. Бұл, біреулер айтатындай, қазақ тілінен үркітетін, шошындыратын қадам емес, керісінше, тілдің беделін арттыратын, тілге қызықтыратын қадам (немесе болуы керек).

Қазіргі қазақ тіл білімінде жазуды қағазға түскен тілдің көшірмесі ғана, тілдік коммуникацияның қосалқы құралы деп тану басым. Бұл жазудың мәртебесін көтермейді. Мектеп жазба тілді жетік меңгеруге емес, сөзді тек қатесіз, көркем жазуға үйретуден аспаса, жазуға қатысты бұл көзқарас өзгермейді. Сондықтан жазуды әріппен таңбаланатын, ойды жарыққа шығарудың, коммуникация жасаудың өзіндік деңгейлері, жүйесі мен құрылымы қалыптасқан тілдік жүйе деп алу қажет. Дамыған тілдердің – ағылшын, қытай, араб тілдерінің – жазба тілі өзіндік дербес жүйе болып кеткелі қашан. Қазақ жазуының мәртебесін көтеру үшін жазу дәстүрін сақтаудың, ауызша тіл мен жазба тілді екі түрлі аудиторияда қызмет ететін тілдік жүйе ретінде танудың, қалыптастырудың маңызы бар. Жазудың “жаман-жақсылығына” оған деген көзқарас әсер етеді. Егер жазу ауызша тілдің қағазға түскен көшірмесі ғана десек, онда емле нормаларын үнемі ауыстырып отыруға тура келеді, графикалық бейнелермен «ойнауға» тура келеді. Ал егер жазуға дербес құрылымы бар, ойды жарыққа шығаратын, бекітетін, коммуникацияның құралы, жүйе деп қарасақ, ауызша тілді жазу құрсауына салмайтын, шалдырмайтын ауызша сөйлеу еркіндігін жасаймыз.  

- Осы орайда "ауызша сөйлеу мен жазба тілдің" ара жігін, айырмашылығын айқындап берсеңіз...

- Қазақ тілінде ауызша сөйлеу мен жазба тілді бір деп түсінгеннен орфоэпия ұмыт қалуға айналды. Бәріміздің құлақ, көз, зейінімізді жаулап алған, тілімізді нормалайтын күш алып кеткен теледидар тілі жазылған материалын көп ретте өзгеріссіз оқи алатын (әріптеп) сөз үлгісін ғана көрсетіп отыр. Жазылған сөздері көбіне сөйленбейді де, дыбысталмайды да (яғни ауызша тілдің сөз сазына сай) тек оқылады. Осы «үлгінің» әсерінен қазақ тілінің ауызша айту  нормасы, ұлттық орфоэпиясы бар екенін білмейтін ұрпақ қалыптасты. Тіл білімінің зерттеу нысаны әріптер, жазылған сөз, тіркес, сөйлемдер болды. Ауызша сөздегі дыбыс (әріп емес), буын (тасымал емес), ырғақтық топ (сөз тіркесі емес), сөз саптау (сөйлем емес) тілді меңгертудің бірліктері болудың орнына, басқа тілде (ағылшын, орыс тілдерінде) ғана бар, қазақ тілінде жоқ немесе сахна тілінің шеңберінде ғана көрінетін дүниеге айналды. Ауызша сөз ғылыми зерттеулерге алынбайды. Өйткені оны қазақ тілінде жоқ деп таптық. Өйткені айтылған сөз жазба тілдің тек оқылуы ғана деп кеттік.

Ал күнделікті өмірде жазу-сызу білетін адам мен қара танымайтын адамның ойлауы мен сөйлеуінен өзгешелік бірден байқалады. Адам кішкентай кезінен отбасы, үй ішінде, ауыл, аула айналасы, қоғамдық орындарда (көлік, дүкен, асхана т.б.) ауызекі тілді меңгеріп, теледидар, радио, мәдени орындардағы сөйленістерден әдеби тілде сөйлеуді аздап естіп өседі. Мектепке барып, сауатын ашқаннан жазба тіл жүйесін меңгере бастайды. 7-8 сыныпқа дейін бала көркем туындыны оқып, мазмұнын айта алады немесе жаза алады (мазмұндама). Қабілеті барлар ойды әсерлі жеткізетін құралдарды қолдануды зердесіне тоқып, ойын көркемдеп жеткізу дәрежесіне жетеді (шығарма). Сондықтан  6-7-8 сыныпта еркін тақырыптағы шығармашылықтың деңгейі жоғары. Оқушы өз сезіміне әсер еткен кез келген құбылысты көркемдеп, әсірелеп жеткізуге төселе бастайды (көркемсөз стилі). Өйткені шығармашыл тіл алдымен адамның жеке басы кешірген әсерден шығады. 9-11 сынып бағдарламасы шығарманың авторы, кейіпкері, оқиғаның өту дәуіріне талдау жасауға ауысады. Бала енді сезіміне әсер еткен мотивті әсірелеп жеткізуді емес, оның себебін іздеуге көшеді. Сөйтіп, шығармасында салқынқандылық, саналы ой көріне бастайды (шаршысөз стилі). Бала мектепті осы үрдісте аяқтайды да, кейін ЖОО-нда өз мамандығының терминологиясымен танысып, сала тіліне маманданады (ғылыми стиль). Ал жұмысқа орналасқанда қызмет бабындағы ресми сөйлеу, ресми ісқағаздар стилін меңгереді. Сонда адам тілді ауызекі (отбасы, аула т.б.) және сөйлеу тілінен (қоғамдық орындар), яғни ауызша тілден бастап меңгереді, кейін таза жазба тілге ауысады. Оған мектеп өмірі (7-18 жас аралығында), студенттік жылдар (18-22 жасында), қызмет (22 жастан былай қарай) деген өмір жолдары тікелей әсер етеді. Бірақ тілді меңгеру ауызекі сөйлеу тілінен жазба тілге қарай (әсіресе ғылыми, ресми ісқағаздары) қиындай түседі. Ол, жазу жүйесінің таңбалық сипатынан шығады.

Ауызша тілдегі дыбыстық өзгерістер, алмасулар, морфологиялық ауытқулар, әдеби тілге тән емес лексика, сөз саптаудағы үнем (эллипсис, редукция), қысқартулар, жүйесіздік – міне, бұның бәрі ауызша тілдің табиғаты, жаны. Ауызша сөйленген аудиторияда ғана, бетпе-бет, жүзбе-жүз отырған тілдесушілерге ғана сол мезетте түсінікті, жақын болатын тіл. Жазба тілдің көзімен қарасаңыз, бұл – нағыз жүйесіз тіл. Бірақ өз аудиториясында жеңіске жеткен тіл. Егер ол жүйесіздікті сол қалпы таңбаласаңыз, жазу да жүйесіз болу керек еді, ал жүйесіз жазба материалдан тілдің  жүйесін табу мүмкін емес еді. Бірақ қағазға түскен ой – жүйелі. Яғни жазба тіл кеңістігіне өткен ой жүйелі.

Жазба тілдің бірліктері әріп, идеограммалық белгілер, тыныс белгілер, азатжол, бас әріп, кіші әріп, сөзді бірге, бөлек, дефиспен жазу графикасы; көлбеу, майлы, сызылған (қара, түрлі-түсті бояумен), үздікті сызылған қаріптер болып табылады. Ал лексикалық, морфологиялық, синтаксистік бірліктеріне қазіргі әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық бірліктері жатады.

Сондықтан латыннегізді жаңа қазақ жазуын меңгерту мектепалды, орта, жоғары мектеп бағдарламаларында орфография (дұрыс жазу) мен орфоэпия (дұрыс айту) ережесін қатар алып жүру арқылы іске асырылмақ. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеп жатқан «Қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздігі» сөздің емлесімен бірге айтылу сазын көрсететін жаңа тұрпаттағы сөздік болмақ. Бұл, жоғарыда айтқандай, жазуды дербес құрылымы бар, ойды жарыққа шығаратын, бекітетін, коммуникацияның құралы, жүйе деп алуға, сөйтіп, ауызша тілді жазу құрсауына салмайтын, шалдырмайтын ауызша сөйлеу еркіндігін жасауға мүмкіндік береді. 

- Уақыт бөліп, пайдалы ой бөліскеніңіз үшін көп рахмет!

Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар