#
#
Жұма 05/06/2020

Талғат Нұрғожин: «Алты жылдық кіріктірілген медициналық білім жүйесін қолға алдық»

  • 28.03.2020
  • 0
  • 234

Бүгінде Қазақстан медицинасы алға ілгерілеп, медицналық қызмет көрсету де, медициналық білім беру де нақты жолға қойыла бастады. Бұл сөзіміздің дәлелі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин медициналық білім беру мен кіріктірілген медицинаны алты жылда оқытып шығу туралы ұсыныстарын білдіріп жүр. Біз осы орайда аталған оқу орнынның басшысын әңгімеге тартып, дәрігерлерді дайындау барысындағы бүгінгі тыныс-тіршілігін сұрадық.

– Талғат мырза, өзіңіз медицина мамандарын оқытатын оқу орнын басқарып отырсыз. Жалпы осы дәрігерлерді даярлау жүйесі қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Біздің оқу орнының негізгі ұстанымдары мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласына қатысты реформалармен, бағдарламалармен үндес келеді. Яғни білімді де білікті маман даярлау басты мақсатымыз. Сонымен бірге дәрігердің маман ретінде ғана қалыптасуын емес, оның рухани бай, адамгершілігі мол, мейірімді болуында бақылаймыз. Себебі дәрігерге ең басты осы қасиеттер қажет, бұл қасиеттерсіз медицина алға басады деу өте үлкен қателік болар еді. Біз студенттеріміздің алдына мақсат қоя білетін, адамгершілігі мол, зиялы, кәсіби тұрғыда шебер, ақпараттық технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір салтын ұстанатын, кәсіпкерлікке икемі бар және адал ғалым болып бшығуы үшін тер төгіп келеміз.

Осы тұстан мынаны айтқым келеді. Дәрігерде кәсіпкерлік бейін болу керек. Себебі денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыны дұрыс басқарып, оң иегру үшін бұл өте қажет деп ойлаймын.

Қазір біздің университетімізде 20-ға жуық оқытушы – шетелдік. Бұл өз ұстаздарымыздың біліктілігін жетілдіріп, бәсекелестікті арттыру үшін өте дұрыс қадам екенін атап өткім келеді.

– Медициналық білім алатын жастар үшін теория мен тәжірибеге қатар мүмкіндік бар ма?

– Білесіз бе, негізі, бізде теория мен бірге тәжірибе, ғылыми жобалар қатар жүреді. Бұл сөзімнің дәлелі студенттердің тәжірибеге қатысуы. Мәселен, интернатура мен резидентурада оқитындар алты айға, бір жылға облыстарға, аудандарға барып, сол жақтағы ауруханалардан тәжірибелік сабақтан өтеді.

–Ал төменгі курстар үшін тәжірибеде қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Төменгі курстағылар хосписке, моргке, патологиялық-анатомиялық тексеру орталықтарына да барады. Болашақ маман оны көріп, бойын үйретуі керек. Осылардың барлығы негізгі тәжірибе жүзінде өтеді. Сосын әр курстың соңында жазғы тәжірибе бар. Ол бір айға созылады. Онда мейірбикелік көмек көрсету бейінін арттырады. Қаладағы жүзден астам клиникада кафедраларымыз орналасқан. Олар біздің дәріс беретін орталықтар болып саналады. Сондықтан теориядан тәжірибеміз қалыс қалып жатыр деп айта алмаймын.

– Айтыңызшы, алыс аймақтағы дәрігер тапшылығын қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

–Алыс аймақтардағы дәрігер тапшылығын шешу мәселесінде өткен жылы  Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 541 түлегімізді түрлі облыстарға жібердік. Оның ішінде Алматы облысына – 230 адам, Атырау облысына – 28, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына – 45, Жамбыл облысына – 44, Батыс Қазақстанға – 13, Қызылорда мен Маңғыстауға да солай, Солтүстік ­Қазақстан облысына 11 адам аттанды. Соның ішінде 450-ден астамы ауылдық жерлерге дәрігер болып орналасты.

– Қайда баратынын жас маманның өзі таңдады ма? Әлде грант немесе квотада оқыған студенттерге мемлекет міндеттейді ме?

– Олай бөле алмайтын едім. Себебі аймақтарға жұмысқа кеткен түлектер ішінде квотамен оқығандар да, квотасыз оқығандар да бар.  Дегенмен бір нәрсені айтқым келеді. Кез келген мамандықты грант немесе квота негізінде білім алған жастар, қоғамға қарызға оқыған дер едім. Себебі мемлкеттен бөлінетін грант, квота дегендер қарапайым халықтың ақшасы, жұрттың салық ретінде төлеген қаражаты. Мұны біз қоғамнан қарыз алып білім алдық па, соны қайтару керек деп түсінуіміз керек. Яғни халыққа қалтқысыз қызмет етуді айтып отырмын. Бұл дәрігерлерге ғана емес, кез келген мамандықты алып шыққан түлектерге қатысты екенін тағы бір атап өтейін.

– Интернатура мен резидентураға оқуға тапсыратын түлектердің қай салаға маманданғаны жөн?

– Бізде бес курсты бітірген студент диплом алады, бірақ маман ретінде ешқайда жұмысқа орналаса алмайды. Тіпті қарапайым биология пәнінің мұғалімі ретінде де қызмет ете алмайды. Сондықтан диплом алған соң барлығы интернатураға кетуі керек. Ол екі жыл. Интернатураны бітіргеннен кейін ғана жұмыс істей алады. Бірақ бұл да толық мамандық ретінде саналмайды. Сосын резидентураға баруына болады. Осының бәрін ескере келе, біз алты жылдық кіріктірілген медициналық білім жүйесін қолға алдық.

– Сонда алты жылдық кіріктірілген медициналық білім жүйесі деген қалай болады?

– Ол Еуропа елдерінде, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердегі негізгі стандарт. Біздің университет әлемдегі 116 оқу орнымен байланыс орнатқан. Олардан бізге Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студент алмасу туралы ұсыныс келеді. Бұл жақсы тәжірибе. Бәсекеге қабілетті маман даярлауға үлкен көмегін тигізеді. Бірақ бұл жерде бір гәп бар. Біздің білім беру стандарты Еуропаның немесе басқа елдердің стандартына сәйкес келмейді. Оқу бағдарламалары алшақ болғандықтан, шетелде оқып келген балалар мұндағы жабылмаған оқу кредиттерін жазда жабуға тиіс. Бұл білімгерге артық ауыртпалық. Сондықтан біз еуропалық негізгі стандартқа көшіп жатырмыз. Сонда біздің негізгі оқу жоспарымыз олармен бірдей болады. Сосын студент алты жылды оқып біткеннен кейін, ары қарай резидентураға оқуға түсе алады. Ал резидентура негізі оқу емес, тәжірибе. Білімгер жұмыс істей жүріп, оқуы керек. Мысалы, шетелдерде резидент дәрігер деген түсінік бар. Оның құқықтық жауапкершілігі бар. Біздің резиденттердің ешқандай құқықтық жауапкершілігі жоқ. Ал олар жұмыс істесе, тапшы мамандықтар да азаяр еді.

– Дәрігерлердің этика нормаларын сақтамайтыны жөнінде шағымданып жататындар бар. Ал сіз жоғарыда маманданудан бөлек адами тұрғыдан да тәрбиелейміз деп едіңіз?

– Әрине, студенттерге науқаспен қарым-қатынас ережелерін оқытатын пән бірінші курстан бастап өткізіледі. Дегенмен, бұл жерде сыртқы факторлардың да бар екенін естен шығармау керек.  Яғни кейде дәрігердің жұмысына кедергі болатын жағдайлар да кезігуі мүмкін. Алдына келген қаншама адаммен жұмыс істейтін дәрігер де ет пен сүйектен жаралған адам, оның да жүйке жүйесі шаршайды. Бірақ адамдар дәрігерлерге робот сияқты қарайды. Біз осындай көзқарастан арылмайынша, дамып келе жатқан медицинаның жетістіктерін көрмейміз. Сондықтан әр адам өзінен бастаса екен деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Индира СӘТІМ

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР