20 қаң, 2017 сағат 08:30

Созақ. Қазақ. Адамзат.

Сатыбалды Нарымбетов сонау алпысыншы жылдары руханият әлеміне жазушы болып енген еді. КазГУ-дің филфагында Кекілбаевтардан мақтау сөз естіп, студент күнінде-ақ өзін қалыптасқан қаламгер санаған ол, Алматыға сыймай, Мәскеуге тартады. Онда, бірақ, әйгілі Әдебиет институтының құжат қабылдау уақыты өтіп кеткен. Тауы шағылып тұрғанда қызыл астанада Құдай айдап Камал Смайылов пен Шәкен Аймановқа тап болады. Және Шәкеннің нұсқауымен ВГИК-тен бір-ақ шығады. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, режиссер, жазушы, кинодраматург С. Нарымбетовтің өзі жылы жымиып қойып, майын тамызып әңгімелейтін осы оқиға, дүниеде кездейсоқ ештеңе болмайтынын дәлелдейді.

 

Жазушы

Оның «Тентек», «Жусан дәмі», «Жорғаның бір күні», «Жанайғай» сияқты шығармаларын ә деп оқи бергенде… Алдымен байқайтыныңыз, оқиғасы «тірі», көз алдыңызда кино кадрлардай жылжи жөнеледі. Суреттеуінде құрғақ кітабилық жоқ, шиырлаған қозғалыс, шиыршық атқан монолог Нарымбетов қаламының ерекшелігі, терең психологизмі, кейіпкер жүйкесін жалаңаштай білуі. «Жорғаның бір күні» қорқынышты түс сияқты, «Тентек» Құрманғазының сандырақтаған санасын аршиды. «Жусан дәмі» жолдан бала көтерген соғыс жесірінің күйзелісі: ауылмен, табиғатпен, шаранамен, өз ойымен дамылсыз арпалысы. Диалогтары аса шынайы, әр кейіпкердің сөйлеу мәнері айшықты, орысшаны қазақы қалыпқа салуының өзі ерекше тартымды. 

Нарымбетов жазуындағы тағы бір қасиет, нәзік ирония мен адам сүйгіштік. Тек, өмірді шексіз сүйетін суреткер ғана жан-жағына осыншалық зейінмен зер салады, һәм ең қарапайым өмірлік ситуациядан күлкіліні көре біледі: оның сипаттауында қазақтың өмірі бітпейтін анекдот сияқты. Және ол прозаға интеллектуалдық өремен, талаппен келген. Нені жазуда емес, қалай жазуда: шығарманың мазмұны ғана емес, құрылымында да жаңашыл болғысы келді.

«Тентекте» «Шұғаның белгісінің» эффектісі бар. Әңгіменің кім туралы екенін соңғы абзацта бір-ақ білесіз. «Ассалаумағалейкум, Атлан­тиданың!» ком­позициясы өзгеше. Музы­калық терминдермен аталатын бөлімдерден, симфония түзілгендей әсерде боласыз. Бұл – автобиографиялық хикаят, жазушының балалық шаққа оралуы. Қарап отырсақ, расында да әрқайсысымыз өз жүрегімізде бір-бір Атлантиданы жерлеген екенбіз. Әркімнің балалық шағы қайталанбайтын, келмеске кеткен жекеменшік Атлантидасы екен. Бірақ, ол сізге тыныштық бермейді, ылғи да естеліктеріңізде, түс­тері­ңізде өзіңізбен бірге жүреді. Міне, балалық дегеніңіз осындай, көзге көрініп, қолға ұстатпайтын, бірақ, санаңызда мәңгі ойнап тұратын құдіретті саз екен». Фантом дерттің» де құрылымы қызық. Күнделіктегі үзік-­үзік жазбалардан (сана ағысы тәсілін еске салады) өзіне кө­ңілі тоқ, өзгелерге ренішті кейіпкердің пси­хо­логиялық портреті түзіледі. Әр тол­ғаныстың «Очен интересны! Так!» деп аяқталуының өзі күлкілі. Және шынайы.

Уақыты келгенде С.Нарымбетов проза­сындағы осы қасиеттің бәрі алдымен сценарийге, кейін киноға көшті. Ол сценарийін жазған «Шоқ пен Шер» шетелдік фестивальден жүлделі оралды. Бірақ, Нарымбетов фильмнің өзі ойлағандай шықпағанын көрді. Алдында жаңа мақсат тұрды. Ре­жиссураға бет бұрды. Және оның басқа емес, әйгілі Георгий Данелия шеберханасына түскені де кездейсоқтық болмаған сынды. Табиғаты жақын адамдар бір­-бірін тапты. Себебі, Данелияның негізгі ұстыны, адамды сүю. Өнер жасағанда өзіңді қызықтамау. Көрермен, кейіпкеріңді өзіндей сезінсін. Сенің ақылдылығың мен шеберлігің туралы ойлауға мұршасы болмасын. Нағыз шеберлік осы дейтін. Бұл ­ табиғи талантты ғана емес, едәуір машықты, кәсіби өрені талап ететін асу болатын.

Үйрену сабақтары

Қош, Нарымбетовтің алғашқы режис­сер­лік жұмыстарының бірі «Балалық ша­ғымның Дон Кихоты» (1978). Алаңғасар сүр­бойдақ, апасының қақсауымен қалпақ тауып киеді және сол сәттен кенет жолы болып, бойына батылдық  бітіп, сүйіктісіне  қосылып, бақытты өмірге кенеледі. Қай­сыбір тұстарындағы жылы юморды есептемегенде, картина аңғалдау ертегіге кө­бірек ұқсайды. Бірақ, осы жұмысынан бастап-­ақ Нарымбетовтің тұрақты кейіпкері тұлғаланады. Асқан көрікті емес, бірақ, сұлу қызға ғашық болатын, асқан күшті емес, кейде, тіпті, әлсіздеу, әйтсе де, ішкі жарығы бар қарапайым адамдар. Чеховтың әңгімесінің желісімен түсірілген келесі жұмысы «Злоумышленник»   (1981) тақыры­бы жағынан біздің табиғатқа жақын еді. Орыс мұжығы мен қыр қазағының бейқам сауатсыздығын шендестіру жақсы идея болғанымен, бұл әлі де үйренушінің жұмысы болатын. Келесі картинасы, «Ауылдан келген күйеу бала» (1987) өз уақыты үшін батыл фильм болды. Өйткені, Кеңестер одағындағы жемқорлықты әшкерелейтін. Жыртқыш қалаға аңғал ауылдан көшіп келген күйеу, қайын жұртының қарақшылықтарын көріп, оған қарсы шығады. Бұл фильмде толық аяқталғандық сезімі жоқ, бірақ, Венера Нигматуллина, Лидия Кәденова, Тұңғышбай Жаманқұлов, т.б. сомдаған рольдерден режиссердің қаладағы адам­дардың өмір салтын, мінездерін дөп басқаны аңғарылады. Күйеу бала да, Нарымбетовтің көп кейіпкері сияқты, күрес үшін жаралмаған жан, әділет сезімі, ішкі нәзіктігі оның осалдығына ай­налды, сондықтан тұяқ серпігенімен, же­ңілді. Жүйенің алдында шарасыз болып шықты.

«Созақтан  шыққан  Гамлет» (1990)

Бұл режиссер Нарымбетовтің есейген, арманшылдық, аңғалдықпен қоштасқан, өмір шындығына үңілген, демек өзін таба бастаған тұсы. Бас кейіпкер Раппақтың атының өзі аңызға бергісіз. Рабфак. Мұңлы комедия дейсіз бе, күлкілі драма дейсіз бе, оның бастан кешкендері әрі күлкілі, әрі аянышты. Бәрі неден басталады. Раппақ ауылдағы ең сұлу қызға ғашық болады. Айға балап, күнге теңеп өлең жазады, бірақ онысы алаяққа алданып, көрші ауылға қашып кетеді. Соның күйігінен Раппақ қалаға тартады. Газет хабарламасы арқылы тапқан жаңа махаббатының қолына кіреді. Ақырында онысы да баянсыз. Селт еткізбес сезімдер, арзандаған азаматтық абырой, қалғыған намыс, мақсатсыз, құр сүлдер адамдар… Раппақ та баһадүр емес, қиял қуған, қиялы өмір шындығына соқтығып қираған, дүниедегі орнын таба алмай сабылған жан. Ал, ол сияқты адасқандар аз ба еді? Қазір аз ба? Кейбір кинолар пәлсапа айтқысы келіп тұрады. Бірақ, ойыңды түртуге дәрменсіз. «Созақтан шыққан Гамлеттен» жай ғана өмір ағысын көресіз. Бірақ кенет оянасыз. Не үшін келдім? Мағына бар ма тірлікте? Орным қайсы?.. 

Нарымбетовтің көп киноларында бұл­жымас заңдылыққа айналған жұмсақ баяндаушы даусы, автордың о баста жазушы екенін еске салып тұрады.Әрине, автордың «Раппақ ағасын»дүниеден түңілген Гамлетке теңеуінде ирония бар. Бірақ, бұл ащы, айыптаушы юмор емес, адамның өзіне өзі күлетіні сияқты, өзімсінген, жылы юмор. Міне, Нарымбетовтің басты қасиеті. Кейіпкерлерінің бәріне күледі, әйтсе де, бауырына басып, жақсы көріп, күледі. Неге «Созақтан шыққан»? Өйткені, осы жұмысынан бастап Нарымбетов өз ауылы, Созақ адамдарының ұжымдық портретін айшықтай бастайды. Мысалы, Раппақ, ол кезде ойын баласы, Германиядан әкелінген велосипед мініп жүр. Оны көре сала ауыл әкімі «құда түссін». Раппақтың әкесі қасарысып, бермейді. Әкім, «немістің шпионысың, айдатам» дейді. Былай қарасаң абсурд. Бірақ, шын ғой. Нарымбетов осындай, қазақтың мінезіндегі абсурдты дүниелерді тысын айналдырып көрсетуге шебер. Кино фестивальдерде триумф жасамаса да, бұл туынды алдағы үлкен жұмыстардың кілтіндей еді.

«Көзімнің қарасы» (1994)

«Көзімнің қарасы» режиссер Нарым­бетовтің шын шеберге айналғанын, өз қолтаңбасын тапқанын айшықтаған жұ­мыс. Бір қарағанда ностальгия сияқты көрінуі мүмкін. Қоңыраумен жа­рысып, мектептен   атып шығып, кө­шені шаңдатып жүгіріп бала келеді. «Са­ғат қанша?» деп сұрайды жолай кездескен ересектерден. «Оны қайтесің?» деген»артық» сұрақ қойылса, дауыстап тұрып сыбап алып, әрі қарай жүгіре жөнеледі. Шарбақтан ентігіп кіріп, анасының омырауын бас салады. «Болшы, бол, тез! Үлгермей қаламын қазір»… Миығыңнан күлдіретін көрініс. 

Аузынан ана сүті кеппей жүріп, бұл бала ғашық болғыш. Аккордеон үйреніп, «қалыңдығының» кіммен билейтінін ба­қылайды. Алғашқы махаббат, алғашқы қызғаныш, өмірдің алғашқы қатаң сабақ­тары… Ауылдың адамдары қалай жақсы көреді, қалай ашуланады, қалай күнәға батады, оның бәрі баланың көзімен көрсе­тіледі. Бұл фильм бір бала, бір отбасы туралы емес. Бүтін ауыл: түрлі адамдар, түрлі тағдырлар, ала-құла, жарық әлем. Режиссердің өмірді соншалықты бүтіндікте көре алатыны таңқалдырады. Онда бас кейіпкер, қосалқы кейіпкер деген болмайды. Бәрі теңдей зейінмен зерделенеді. Оның кейіпкерлері қуанады, мұңаяды, қателеседі. Бір-­бірін аңдиды, арызданады, көзге шөп салады, тіпті, өлтіреді, өртеп жатады. Бірақ, режиссерде мораль айту, кінәлау, айыптау жоқ. Ол тергеуші емес, сот емес. Өмірді бақылаушы, сол күйінде қымбатына балаушы және шексіз сүюші ғана. Онда жақсы мен жаманға, дұрыс пен бұрысқа деген кемел кешірім бар. 

«Көзімнің қарасын» көріп отырып, кино дегенің ­ кісінің сөзге сыймайтын жан байлығын тірілтер ұлы өнер екенін түсінесің. Сатыбалды Нарымбетов өте бақытты адам. Өйткені, өзінің Атлантидасын мәңгілікке таспалады. Және бұл ­ балалық шақ жайлы шығарма болып көрінгенімен, шын мәнінде соғыстан кейінгі репрессиялар жайлы ғой. Жазықсыз жау атанған әкеден тірідей айырылу ­ кішкентай аккордеоншының ең үлкен қасіреті еді. Сағыныштан құса болғанда, колонкадан аққан тастай судың астына барып, тісі сақылдап тұрып жылайтын көрінісін алыңызшы. Елге көз жасын көрсетпейтін кішкентай «жігіт», жүрегінде тас боп қатқан қасіреттің салмағын солай сездіреді.Біз ойын екен деп жүрсек, бұл өмір екен ғой. Фильмнің бірқатар абыройлы жүлделерді алғанын айту артық шығар, өйткені, бұл марапатсыз­-ақ құнды туынды.

«Қызжылаған» (2003)

Алақанын жайған жетім қыз нені дұға қылады? Құдайдан не сұрайды?.. Бейкүнә Ләйланың бойында қорғансыздық пен тылсым күш сеңдей соғысқан. Ол көлікті көзімен тоқтата алады. Кірпік қағып жел соқтырып, бұлт үйіреді. Бірақ, оның әлсіздігі Құмар еді… Ұшақта, мұны қалаға тексеруге апаратын жолда әскерилер киіктерді атады. Даланың киесі, арқаның қорғансыз жануары қазақты еске салады. Мемлекеттің мылқау машинасы киікті қырғандай қазақты, қазақты қырғандай киікті аяусыз жаншып жатыр. «Біреудің қорғансыздығы сенің ар-ұятыңа айналады» деуші еді Т.Әсемқұлов. Ләйланың қорғансыздығы Дулығаның ғана ұятына айналады. Арбаға таңылған бейбақ, шырылдап Ләйланың маңынан шықпайды.Сөйткен Ләйласының кемтарлығын беті­не басады.  Қорланып, жерді сабалап ол қалады. Үнсіз сүйетін кейіпкерді Дулыға Ақмолда терең сомдаған. Бұл эпизодта Ләйла қырсық қыз ғана. Бәріміз сияқты, өзімізге ұнамай тұрсақ та қатыгездікке баратын ақымақ. Өйткені, жаны жаралы.

Ауылда қаншама адам бар. Әрқай­сысының жазылмаған жарасы бар. Қатира жалғыз, оның тілін алмайтын жетім Ләйла жалғыз, немересін құшақтаған Әйгерім жалғыз, электр бағанын құшақтаған Зәуреш жалғыз. Бірақ бұл ауылда да той болады. Би болады. Өсек айтылады. Еврей шал ха­лықты классикалық музыкаға баулиды. Аяқсыз туған ұлына монтер әйел қалыңдық іздейді. Қаладан келген қыздың жатбауыр баласы өзінен тұра қашады. Монтер әйел тірідей жанып кетеді. Бұл ауылдың қасіреті де жетіп артылады. Жердің бауырын солқылдатқан сынақ жалғаса береді. Дегелеңдегі адамның бәрі мұрттай ұшып жатыр. Бірақ, олар өлім­нің арам желмен келетінін білмейді. Және сондай науқас жерде де кішкентай Ләйла жаңа өмірге есік ашады.Тіршілік жал­ғасып жатыр.

Фильмнің нотасына дөп түскен А.Ес­ма­ғамбетова, Н.Арынбасарова, Б.Цулад­зе, Ғ.Әбдінәбиева, бәрінікі актерлік табыстар. Дегелең бұл жерде географиялық нүкте емес. Ол аждаһа полигон мен жаралы Ләйланы сыйдырған, бірақ, Сатыбалды Нарымбетовке бұрыннан таныс өз ауылы сияқты. Бұл Семей полигоны туралы алғашқы және әзірге бірден­-бір кинотуынды, атмосферасы сәл ауырлау, дегенмен, сезінісі жағынан «Көзімнің қарасының» жалғасы іспетті. Екеуі де түрлі мәдениеттерді тоғыстырған ауыл: Созақтағы тирші грек шал, Питерден көшіп келетін Юра Мамин, жапон тұтқындары, Дегелеңдегі еврей шал, оның кемпірі… Екі ауылда да музыка ойнайды: Созақтағы аккордеон, Дегелеңдегі радио. «Қызжылағанда» есек мінген Ләйла «Көзімнің қарасында» Тілештің түсіне кіретін Анасын еске түсіреді. Осы образ екі фильмнің кіл­ті сияқты. Ең маңыздысы, мұнда сонау «Созақтан шыққан Гамлетте» табылған интонация, жылап тұрып күлдіріп, күліп тұрып жылататын Өмір бар. Режиссер бізге ешқашан түңілме дейді. Ол үшін өлім ­ өмірдің сынығы. Ол бізге дүниенің қуанышы мен қайғысына бірдей құшақ жаяр жүрек даналығын насихаттайды.

Екі  фильмде де,   адамдар    бәрінен ма­ңыз­ды. Адамдар қызық. Горький бір кезде әдебиетті адамтану деген. Сатыбалды Нарымбетовтің кинода жасап жүргені осы. Нарымбетовтің объектісі проблема емес. Оның объектісі адамдар. «Көзімнің қарасында» ешкім де репрессия жайлы айтпайды (ойын баласы Юра мен Тілештен басқа), «Қыз жылағанда» ешкім де полигон жайлы ләм демейді. Адамдар күнделікті күйбеңмен әуре. Полигонмен репрессия өзінен өзі, сол адамдардың өмір сығындысынан тұлғаланып шығады. Олардың өмірін сырттан төнген саясат боршалап жатқанын сіз ғана, көрермен, түсінесіз. Ал, кейіпкерлер оны білмей өтуі мүмкін.

«Омпа» (1998)

С.Нарымбетовтің бір емес, бірнеше фильмінде ұшақ мотиві бар. Ауылға ұшақтан ашықхат лақтырып кететін романтик Раппақты алыңыз. Ұшақта бойына бала бітетін Ләйланы алыңыз. Бірақ, «Омпа» түгелдей осы стихияға құрылған. Өмір бойы дос болған екеу Талалай (А.Панкратев Черный) мен Дәуірдің (Д.Жолжақсынов) ылғи ұшып жүретіні тегін емес. Бұл өтпелі кезең адамдарының қалпы ғой. Советтік идеяларға сеніп, қалықтап келген адамдар, Кеңестер одағы ыдыраған кезде жер мен көктің ортасында, түсініксіз жағдайда қалды. Сол жылдарға тән дәрменсіздік, адасушылық күйін Нарымбетов дөп басқан. 

Сөйтіп, екі дос жеке ұшақпен бизнес жасамақ. Ұшақпен қыз алып қашады, аспанда коммерсанттар саудаласып, жол кіресін көтереді. Бірақ, табандары жерге тиісімен Қазақстанда өскен Талалай да, Ресейде өскен Дәуір де тапқан-таянғандарын беташарға тас­тап, таз қалпына қайта түседі… Ақша табу үшін не істемейді дейсіз. Олардың қанаты еркіндік сыйламайды, қайта бұлттарға бай­лап, аспанның тұтқыны қылады. Олар де­ге­ніне жете алмайды, қоғам алдында аза­маттық, ана алдында перзенттік парызын орындай алмайды, қалықтап әуеде қалып қояды.

Нарымбетовте ылғи сондай, бір қарағанда күлкілі ситуация, көзіңді аша түссең, сондай мұңды. Мұңды болатыны, шынайы. Бұлар да бір кездегі Раппақ сияқты: шешен емес, көсем емес, иіні бос, қарапайым адамдар ғана. Заманның асау ағысында, жүзіп емес, ағып бара жатқандар. Сол кездегі көп қазақтан байқалған мінез осы еді. Ал, жақсы кино өмірдің айнасы емес пе. «Біздің байтақ еліміз үлкен дәретханаға айналды» дейді «Омпаның» кейіпкері. Шындықтар осылай, күтпеген жерде айтылады.Нарымбетовте ылғи да солай, адам тағдырлары мозаика сынды бірігіп келіп, қоғам картинасына айналады. «Көзімнің қарасында» әкені алып кететін мемлекет, «Қыз жылағанда» халықты тексеруге апарып, «бүрсүлезсің, малдан жұқтырдың» деп алдап қайтаратын мемлекет, «Омпада» бөтен елге айналған аяусыз мемлекет, «Ауылдан келген күйеу балада» жемқорлыққа көз жұматын мемлекет… Бір сөзбен, азаматты сірке құрлы көрмейтін саясат аңдаусыз артқы планда тұрғандай көрінсе де, фильм соңында кенеттен зорайып, алдыңызға келеді.

«Мұстафа Шоқай» (2008)

«Мұстафа Шоқай» режиссер шығар­машылығындағы үшінші кезеңнің бас­талғанын әйгілеген туынды. Нарымбетов үшін тосын, бірақ, қазақ киносы үшін қисынды тақырып. Мұстафадай қайшылықты тұлғаны, халық жадынан қаскөйлікпен өшірілген боздақты қайта тірілту күрделі мақсат еді. Және бұл, жоңғарлармен соғысып бітпеген қазақ киносын бері жақындатқан санаулы жобаның бірі. Алаш арыстарын бірер мезетке болса да тірілткен тұңғыш кино. Әрине, фильм әр түрлі қабылданды, сыналды, мақталды, датталды. Бірақ, Нарымбетов өзі зерттеген, өзінің көзі жеткен Мұстафаны тұлғалады. Бұл оның әдепкі кейіпкерлерінен мүлде бөлек, күрескер тұлға. Алайда, плакаттық ұраншылдық оған жат. Бұл Мұстафа лирик, ғашық бола біледі, сүйе біледі, анасын сағынады, ауылын түсінде көреді. Гитлер мен Сталин сияқты ғаламдық маштабтағы сая­саткерлермен бетпе-бет келгенде де, ірілігін жоғалтпайды. Асқақтап тұрады. Ең маңызды шындық, ол Түркістан легионын құрғанда мыңдаған қазақтардың жанын сақтап қалады.

Нарымбетов кейіпкерінің сезімдері туралы шешен сөйлейді. Мысалы, жалғыз костюмін сатып, тауықтың балапандарын әкелетін тұсын алыңыз. Қайнаған соғыстың ортасында, қажып, мүжіліп жүріп жылылықты, жұмсақтықты, балалық шағын, алыста қалған періште әлемді сағынғаны. Өмірінің соңғы сәтінде оның қолындағы алмасы домаланып түсе береді. Бұл оның орындалмаған арманы. Пойыздың соңынан жүгірген тұлымды бала немесе інісіне тапсыратын таспих, оны туған жұртымен байланыс­тар тұмарлар болатын. Мұндай детальдарда ол шебер. Тек көпшілік сахналары, атыс-шабыстар әлі де Нарымбетовке бағынбай жатқандай көрінеді. Және осындай тарихи полотнода да режиссердің қолтаңбасына тән интеллектуалдық әзілдері ойып орнын тауып жатады. Өте ұзаққа созылған түсіру процесіне, қаржыландырудың ақсап жатқанына қарамастан, ұялмай көретін туынды шықты деп айта аламыз.  

С.Нарымбетовтің көп қатарлас­та­рынан ерекшелігі, ақсақалмын деп сау­сағын жылы суға салып отырмайды. Ылғи да жаңалыққа құмар маэстро әзірге дамыл­дауға ерте екенін, тоқыраудың ауылы алыс екенін келесі туындысымен дәлел­деді.

«Аманат» (2015)

«Аманат» тарихи тақырыпты игерудің келесі сатысы. Идеялық құндылығы мен көркемдік құндылығы астасқан, хас шебер­дің қолынан шыққан зергерлік жұмыс іспетті: интеллектуалды, шыншыл, әдiл, ирониялы, кәсiби және көркем туынды. Мұнда режиссерлік шешімдер, операторлық өнер, суретшінің жұмысы, монтажы мен музыкасы, актерлердің ойыны, қысқасы (гримнен басқасының) бәрі (берілген мүмкіндіктер шеңберінде) ең жоғары деңгейде. Тағы да Нарымбетовтің өзіне ғана тән нәзік юморы қылаң береді.

Кеңес кезінде қудаланған Ермұхан Бек­ма­хановтың тағдырымен бірге оның объектісі Кенесары хан, зерттеушісі Думан Рамазан, қысқасы, бірнеше кезең көрсетіледі. Әр кезеңнің өз бояуы, темпі бар. Және автордың қазақ халқының тарихына бүтіндікте қарай білуі және сол көзқарасты көрерменге сіңіретіні қуантады. Әсіресе елу, алпысыншы жылдардағы рухани ағыстар тиянақты ашылған.

Картинаның көркемдік шешімдері ерекше қуаныш сыйлайды. Метафора мен эпитетке бай. Әлсін-әлсін көрсетілетін қосқыран – ұясына қона алмай жүрген еркіндік, тұғы­рын таба алмаған әділет-шындық. Бірін-бірі арқалаған екі жетім – қайда барсада қуғын-сүргіннен құтыла алмаған, бірақ, әупірімдеп бірін-бірі сүйрелеп, дәуірден дәуір­ге жеткен біздің халқымыз. Кенесары ханның әскері соңғы шайқасқа аттанып бара жатып тұманның ішіне сіңеді. Бұл сағымға айналған тарих. Әне, сол тұманнан сытылып шыққан құлын, мойнындағы қоңы­рауды сылдырлатып шауып барады. Бұл – ғасырлар қойнауынан үздігіп әзер жеткен, біздің тарихымыздың үні, Бекмахановтың даусы. Осылай тарата беруге болады, ең бас­тысы, бұл пісіп жетілген суреткерге тән кемел көзқарас, шебер туынды, алдыңғы және кейінгі буынның алдындағы орындалған аманат.

Сатыбалды Нарымбетовтің келесі туындысы қандай тақырыпта болатынын біл­мейміз. Бірақ, ол ылғида жиырмасыншы ғасыр: елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқ­саныншы жылдардың жиынтық образдарын кезең-­кезеңімен таспаласам дейтін. Бұл жоспардың біразы орындалды, орындалмай қалғаныда бар. Кино деген алдымен қаржылық қолдауға тірелетін өнер, ал, бізде Сатыбалды екенсің деп сұрағанын тауып беретін нән продюссерлер жоқ. Қалай болғандада, суреткердің бағасы оның еліне­сіңірген еңбегімен өлшенеді. Демек, туған халқының болмысын, өмірін синтездеу, саралау, өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластыру. Бұл жағынан алғанда Сатыбалды Нарымбетов өзге режиссерлерден оқ бойы озды. Бәрі тынымсыз еңбектің арқасы. Бұл өмір бәрімізге ортақ өмір, бұл қоғам бәрімізге ортақ қоғам. Бірақ, соның жалынан ұстап, өзегін аршу таңдаулыларға бұйы­ратын бақ. Сатыбалды Нарымбетовке сол бақ бұйырды, ол қазақ тарихындағы бірнеше кезеңді тірілтіп, халық жадына қаттады.

«Базардан қайтқан» әр буынмен бірге тарихқа деген, болмысымызға деген бел­гілі бір көзқараста келмеске кетеді. Біз­дің тарихымыздың көп бұрмалануы да әр буынның өз тарихын тиісінше қаттай ал­мауы­нан. Ендеше, Сатыбалды Нарымбетов өз танымын таспаға түсірген, халық пен уақыт алдындағы бүтін бір буынның аманатын абыроймен орындап келе жатқан суреткер.

Әсия Бағдәулетқызы, журналист

"Ақиқат" журналы