04 нау, 2018 сағат 18:44

Синиоптиктер еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы қолайсыз болатынын ескертті

Синоптиктер еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыз болатынын ескертті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазгидромет" орталығына сілтеме жасап.

Метеорологтардың хабарлауынша, Алматы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы тәуліктерде ауа райы қолайсыз болады.

"5-7 наурызда Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жауын-жашын (жаңбыр басым) болады, кей жерлерде қатты жауын болуы ықтимал. Осыған байланысты, мұздықтардың әлсіреуі, жазықтық жерлерде еріген ағынның және таулы өзендерде баурайлы ағынның пайда болуы күтіледі. Су деңгейі көтеріліп, жайылмаға шығуы мүмкін", - делінген хабарламада.

Cонымен қатар, 5-6 наурызда Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында күндізгі ауа температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, жауын-шашынның (қар, жаңбыр), кей жерлерде қатты түсуіне байланысты жазық аудандарда қардың еруі және еріген қар ағынының пайда болуы күтіледі.

"6-7 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын (қар, жаңбыр), күндіз 6 наурызда кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ, бұрқасын, тұман болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, күші секундына 15-20 метр, екпіні 23-28 метр болады, күндіз 6 наурызда, 7 наурызда тәулік бойы кей жерлерде 30 метрге жетіп, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін", - деп ескертті мамандар.

Айта кетейік, бұл өңірде ауа температурасы 6 наурыз күні күндіз 5 градусқа дейін жылынады.