#
#
Сейсенбі 24/10/2017

Шығыс Түркістандағы Алаш рухы

  • 31.05.2017
  • 0
  • 890

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұланғайыр жердің бір бөлшегі шығыс Түркістан. Негізінде ол ұлы «Қаһарлы Алтай» еді! Адамзаттың алтын бесігі саналуының сыры жері мен елі батыр...

Әттеген-айы! Қайсыбір найсап қолдардың шекараны бөлшектеп  қате сызғанымен, ырықсыз құйырығын үзіп, ұлы денесінен айырылған күйінде қансырап жатыр. Шығыста қалған бауырлардың қайғысы мен мұңын, тулаған ыстық қанын Ертіс арқылы сезінуге болады. Шығысы мен батысына салт  атты кісі алты айлық жол жүруге тура келетін қайран Алтай қайырылмас болды.

 Шығыс Түркістанның көкжалы Оспан батыр қолбасшылық ететін қазақ атты жасауылдары 1940 жылы  Шың Шысай әскеріне қарсы Ышқынтыдағы шайқаста орыстың генералы Разборовты өлтіреді. Генералдарының  сүйегін сұраған орыстарға Ырысхан: «Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер. Сонда біз де генералдарыңның сүйегін қайтарамыз», - деген жауап береді. Шығыс Түркістан қазақтарының Алаш арыстарының өміріне қанық екені осыдан-ақ байқауға болады. Тарих  парақтарына үңілсеңіз, қазақтарды бұл жақта Итшеккенге айдаса, арғы бетте Тарым лагеріне апаруы,  хан Кененің тағдырын Зуқа, Оспан батырлардың қайталауы, Алаш арыстарының тағдырын Алтайдың атты жасақтарының қайталауы, Алтайдың арғы беті мен бергі бетіндегі халық жауы мен банды атауы тағылып атылып кеткендер қанша ма? Таңжарық Жолды ұлы тас босағадағы азапты қинаудан дімкастануы Қажығұмар Шабданұлының өмір бойы түрме де отыруы тағысын-тағылар. Бұлар  жәй сәйкестік емес, коммунистік жүйенің  салқын саясатының кесапаты.

 1918 жылы Алаш идеясын тарату үшін,  Шыңжаңға Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Салық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтердің Шәуешек және Үрімжі қалаларына барып қайтуы тегін емес. Бәрінің  көксеген мұрат-мақсаты Шығыс Түркістан жерін азат етіп, қазақ даласына қосу болатын.

Халқымыздың бағзыдан келе жатқан салт-дәстүрі, таным-түсінігі табиғаттанудан бастау алады. Неге дейсіз бе, көшпенділер өмірінің тұтас тарихы табиғатпен етене біте қайнасып кеткен. Сол үшін таулардан асқақтықты, сулардан мөлдірлікті, дархан даладан кеңдікті үйренді. Бүгінгі арайлы таң бізге өздігінен келе салған жоқ. Сан мың баһадүрлердің табан ет, маңдай терінің жемісімен келді. Бұл даланы қастерлеп, көзіміздің қарашығындай қорғау бәрімізге ортақ аманат.

Бір жарым ғасырдың куәсі болған,  Алаш орда идеясының негізін қалап, ұлт мұратын ұлықтаған қазақтың жампоз оғланы; Әлихан Нұрмұхамедұлының тұтас ғұмырнамасы мен еңбектері тәуелсіз елдің алтын арқауы, баға жетпес жақұты болатынына ешкімнің таласы жоқ!

Ұлтымызда «Уызына жарыған»-деген сөз бекер айтылмаса керек;  Арғы атасы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын  төре тұқымы болып келетін Әлиханның бор кемік, бос белбеу болуының қақысы жоқ еді. Бүгін де, бәріміз елеңдеп қаңсығы мен таңсығына құштар боп жүрген батыстың жылымық мүңкіме саясатын Алаштықтар  ерте сезді, әрі соған қарекет жасады. Ауып келген кірме тағылардың бабалардың қаны, аналардың тері сіңген жусанды даласын бастырмауға қарекет жасап бақты. «Мәңгілік ел» болып қалудың қамын ғасыр бұрын солар ойлады. Ұлтының ертеңіне алаңдап тілін, ділін, ғұрпын жоғалтпаудың жолын іздеді. Көшпенді халықтың көкірегіне сәуле білім арқылы жанатынын, болашақтағы теке-тірес ғылым арқылы болатынын аңғарды. Сөйте тұра, арыстар қазақ әдебиетін де қарлығаштай қанатымен жан сала қорғады. Абайды орыс халқына таныту керек екенін Әлихан алғаш қолға алды. Бұл қадамға баруының сыры ұлтымыздың қастерлі сөз өнерінің хикметін мұжықтарға көрсету еді...

Олар, ұлтына адал перзент болып, сатылмағандықтары үшін атылды. Біз жаһанданып бара жатқан заманның тұнбасына шым батып құлап кетпеу үшін, өткен тарихымызды естен шығармай ілгерлеуге міндеттіміз. Олардың біздің көшіміздің жезбұйдасын қолымызға ұстатқан қасиеттілер.

Әлиханның атасы Жәңгірдің сыртқа шығарып бала оқытуы, орман отырғызып, мал нәсілін сапаландырып жақсартуды қолға алуы. Бүгінгі техникасы мен мүмкіндігі қолайлы, қатынасы орайлы заманда  жаңғырта алмасақ бізге сын. Ширек ғасыр толған тәуелсіздігімізді тойлаған тұста, ұлт зиялылары мен мақтаныштарына баға бермесек, теңізге лақтырылған құйттай тас құрлы қауқарымыз қалмас.

Әлихан Нұрмұхамедұлы түрлі саяси қызметтерге жегіле жүріп, қазақ ұлтының генетикалық коді мен жадысы туралы толғанды. Ұлтының бейқам сәтін  пайдаланып санасын жаулап кетуге асыққандардың,  жымысқы ойын іске асыруына бөгет бола алды. Бүгінгі күннің қадіріне жету үшін, өткенімізді естен шығаруға болмайды. Рухани жаңғыру үшін бойымыздан Алаш рухы өшпесін!

Көгедай ШӘМЕРХАН,

Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР