#
#
Жұма 20/04/2018

Съезд Ақымбек: Аударылған оқулықтар тіл біліміндегі ортақ құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік береді

  • 16.04.2018
  • 0
  • 112

100 кітап жобасы аясында аударылған жаңа оқулықтар студенттерге жалпы тіл біліміне қатысты ортақ құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай пікірін ҚазАқпарат тілшісіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Съезд Ақымбек айтты.

Профессордың айтуынша, ең алдымен ғылым мен білім жиынтығын тілдің түпнұсқасынан тікелей қазақ тіліне аудару өте маңызды.

«Осы уақытқа дейін әлемдік құнды еңбектер орыс тілі арқылы орыс білім-ғылымының көзқарасы сүзгісінен, көзқарасынан өту арқылы бізге жетті. Енді жаңа жобаның арқасында түпнұсқадан аудару арқылы сол тілде айтылатын ойларды, сол халыққа тән психологиялық дүниетанымды аңғаруға, соған байланысты өзіміздің мінезімізді саралап көруге мүмкіндік аламыз. Дамыған елдерде бір тілден екінші тілге оқулық аудару мәселесі үлкен саясат болып саналады. Біз секілді жаңадан дамыған ел үшін өте қажетті. Қазақ халқы ағылшынша үйреніп, жаппай ағылшын тілінен сауатты болуы үшін әлі уақыт керек. Оны күтпей осы игі бастаманы қолға алғанымыз жөн. Мәселен Қытайды алсақ,  ғылыми-техникалық жетістіктер туралы классикалық еңбектер түгел қытай тіліне аударылады. Қытайлықтарды ағылшынша сауатсыз деп айта алмаймыз. Сондықтан, осы әлемдік озық оқулықтарды аудару рухани жағынан адамдарды түлетуге, ұлттық құндылығымызды, кодымызды тануға бірден бір сеп болады деп ойлаймын», - деді доцент.

Съезд Шардарбекұлы тілі біліміне қатысты аударылған  оқулықтарға қатысты да пікірін білдірді.

«Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе» еңбегіне келсек, тілдің шығу төркіні, даму үрдісі, жолы, негізгі тілдік категориялар, әр тілде бөлек болғанымен, жалпы «Тіл біліміне кіріспе» осы тілдерге ортақ құбылыстар мен ортақ заңдылықтардың негізі қайда екенін ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір бізде Кәкен Ахановтың «Тіл білімі негіздері» деген еңбегі 50 жылдан бері оқытылып келді. Ал әлемдік тіл білімінде қандай құбылыстар болып жатыр дегенге Хайамстың оқулығының көмегі бар. Тіл болған жерде тілдердің қақтығысы, байланысы, мәдениеттің алмасуы, қарым қатынас іске асатыны белгілі. Осы тұрғыдан Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығының қазақ тіліне аударылып, шәкірттерге жол табуы өте қажет нәрсе. Болашақта одан да жақсы оқулықтарды аударып, шәкірттерге жеткізуге уақыт та, қаржылық ресурс та жетеді деген сенімдемін»,- деді ол.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар